Түркістанда егін орағы тұралап тұр

Еліміздің оңтүстігінде шаруашылық иелері егінге орақ сала алмай отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Шілде айында толассыз жауған жаңбыр мен жел салдарынан бидайдың масағы құлап, комбайнға ілігер емес. Сонымен қатар дәнге күйе түсіп, өнім сапасы нашарлап барады.

Егін даласында тұралаған техника көп. Шаруашылық иелері жиын-терім науқанынан кешеуілдеп, шығынға батамыз ба деп алаң. Себебі құбылған күн райынан комбайнның қозғалуы қиындаған. «Сәйкесінше жұмыс өнімділігі де 2 есе төмендеп кетті», – дейді.

Нұржігіт Жаппасбаев, шаруа:

- Мына ауа райы қолайлы болған кезде бастыратын астығымыздың күндік нормасы 60 гектардың көлемі болса, қазір 20-30 арасында астық бастырып жатырмыз. Өйткені түске дейін жаңбыр болады. Одан кейін сәл себелеп өтсе, комбайн тоқтайды. Тұрады.

Шаруаларды шелектеп төккен жауын-шашынға қоса желдің де екпіні шарасыз күйге түсірді. Салдарынан біршама алқаптарда бидай масағы жапырылып жатып қалған. Комбайнға ілікпеген соң оның дәнінен де сапа кете бастағанын айтады.

Арын Қалшабеков, өндірістік кооператив төрағасы:

- 15-20 метр/секунд. Күнде ТЖМ-дан сообщение келіп жатыр. Күніз де, түнде де тоқтамайды. Сондықтан мынау астықтың сапасына да әсер етеді. Өзі «клейковина» деген бізде көп болмайтын. Бірде болады, бірде болмайды. Соның өзін қарасаңыздар, суға батырып алған сияқты бидайдың бәрінің реңі өзгеріп, «хлебопекарный качество» дейді, сол төмендеп жатыр. Ақиқаты сол.

Ал синоптиктердің болжамынша, шілденің соңғы онкүндігінде 40 градусқа дейін күн ысиды. Ал жаңбыр мен жел облыстың таулы аймақтарында әлі басыла қоймайды.

Мейірбек Қаһарманов, «Қазгидромет» РМК Түркістан ОФ инженер синоптигі:

- Бізге қай жақтан ауа атмосфераға енетініне байланысты. Яғни, солтүстік-батыстан, батыстан және солтүстіктен енетін болса, жауын-шашынның таулы аймақтарында жаууы мүмкіндігін тудырады. Ауа температурасы алдағы уақыттарда жоғарылай береді.

Шаруалардың айтуынша жауын-шашын жиын-терімге кері әсер еткенімен, өнімділік жоғары күйінде сақталған. Биыл облыс аумағында 282 мың гектарға бидай егілсе, орта есеппен оның әр гактарынан 20 центнерден өнім жиналып жатыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.