Талдықорғанда ₸4,6 млрд ұрлаған экс-бухгалтерлер сотталды
Талдықорғанда атышулы «бухгалтерлер» ісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды 24KZ.
Қалалық білім бөлімі мен орта мектептердің 21 бухгалтеріне 4,5 миллиардтан астам теңге ұрлады деген айып тағылған еді. 244 томнан тұратын қылмыстық іс 4 айдан аса уақыт бойы қаралды. Енді күдіктілерге әртүрлі жаза кесілді. 10 адам ұйымдасқан қылмыстық топ құру және бюджет қаржысын қолды қылғаны үшін кінәлі деп танылды. Тағы 10 бухгалтердің қаражат жымқыруға қатысы бар екені дәлелденді. Сонымен қатар 3 миллиард теңгенің дүние-мүлкі тәркіленді. Бір фигуранттың қаза табуына байланысты іс тоқтатылды. 2 адам 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылса, қалғандары 7-мен 15 жыл аралығында жазаларын өтейді. Ең ауыр жаза қомақты қаржыны көлігіне тиеп қашып бара жатқан жерінен ұсталған қалалық білім бөлімінің бұрынғы бас бухгалтеріне тағайындалды.
Бақыт Ермаханов, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- 3 жылдан аса Талдықорған білім бөлімінің бас бухгалтері Сергазинова әріптестерімен 7 білім бөлімі және 14 мектептің бухгалтерлерімен бірге қылмыстық әрекеттерді жасаған. Жымқырылған қаржыны сотталушылар туыстарының, таныстарының банктің шоттарына аударып, оны қолма-қол шығарып, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесіне әкеп беріп отырған. Бір бөлігін өздеріне қалдырған. Үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар 15 тәулік ішінде жоғары сотқа шағымдана алады.