Көкшетауда Қопа көлінің жағасына камера орнатылды
Көкшетау қаласында су айдынының жағасында бейнебақылау орнатылды.
Камера Қопа көлінің жағалауын толық қамтып, жүзуге тыйым салынған жерге адамдардың кіргені туралы автоматты түрде хабарлайды. «Осылайша, жазатайым оқиғалардың алдын алуға және судағы қауіпсіздік ережелерін бұзушыларды анықтауға болады» -, дейді құтқарушылар. Жалпы биыл өңірдің су айдындарында сегіз адам суға батып кетті. Сонымен қатар он бес адам құтқарылды. Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Жанат Асылбековтің сөзінше, су нысандарында бейнебақылауды облыстың басқа аудандарында да енгізу жоспарлануда.
Жанат Асылбеков, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:
- Мұндай камераларды Бурабайда міндетті түрде орнату жоспарлануда. Қазір жергілікті атқарушы органдармен келісіп жатырмыз. Сондай-ақ Зеренді көлінде де бейнебақылауды енгіземіз. Осындай камералар жақсы нәтиже береді. Бейнебақылау жүйесі қашықтан басқару пультіне және кезекшілік бөлімге сигнал береді. Сондықтан біз уақытында тиісті шараларды қолдана аламыз.