Махамбет ауданында тоғандағы шабақ құтқарылып жатыр

Атырау облысына қарасты Махамбет ауданындағы Сарыөзек каналынан бір күнде 80 келі өлген шабақ жиналды деп хабарлайды 24kz.

Тасқын кезінде Жайық өзені арнасынан асып, су жайылмаға шығып кеткен еді. Өзен деңгейі түскеннен кейін жайылмаға шашылған уылдырық шабаққа айналып, тоғандарда қалып қойған. Қазір балық шаруашылығы инспекциясының мамандары шабақтарды құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қол күші жетпегендіктен, еріктілер де көмекке келген. «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Гайсиннің айтуынша, маусым айынан бері 49 млн шабақ жиналып, табиғи ортасына, яғни, Жайық өзеніне жіберілген.

Нұрлыбек Гайсин, «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

- Қара балық түрлерінің өлекселері табылды. Оның ішінде сазан балығы, көксерге балығы, қарагөз балығы, жайын балықтары шықты. Барлық салмағы 80 келі қара балық тұқымдас балықтардың шабақтары.