Оралда жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп жатыр

Дәл қазір Оралда жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп жатыр деп хабарлайды 24kz.

Өңірдегі мекеме-кәсіпорындар, бюджеттік ұйымдар оқу орнын енді бітірген мамандарға 500-дей вакансия ұсынып отыр. Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшіміз Ерденбек Жылқайдарұлы бізбен тікелей байланыста.

Диктор:

- Ерденбек, жәрмеңкенің жастарға жұмыс табуға көмегі көп пе, өңірдегі жұмыссыз жастардың саны қанша?

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біз қазір Александр Островский атындағы орыс драма театрының ғимаратындамыз. Көріп тұрғандарыңыздай, театр фойесінде иін тірескен халық. Негізінен жастар. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі сағат 10.00-де басталды. 40-тан астам мекеме-ұйым 500-дей бос орын ұсынып отыр. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер де, жеке ұйымдар да бар. Осы жерде жас мамандар жұмыс берушімен тікелей кездесіп, сөйлесіп, қос тарап өзіне керегін алады деген ойдамыз.

Жалпы биыл өңірдегі жоғары оқу орындарын 5 мыңдай маман тәмамдайды екен. Олардың барлығы бірдей өз мамандықтары бойынша жұмыс тауып кетсе дейміз. Көбінесе күректей дипломды сандыққа салып қойып, табылған жұмыстың соңынан кететін жастар жиі кездеседі. Оның бәрі жоғары оқу орындарының еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты ескермеуінен туындап жататыны жасырын емес. Мәселен, білім беру саласын алсақ, мамандардың айтуынша, мектептерге физика-математика, химия пәндерінің мұғалімдері жетпей жатады, ал қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру пәндерінің оқытушыларына керісінше жұмыс болмай жататын көрінеді. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, жұмыссыз жастардың саны 4155 екен, бұл өңір жастарының 3,6%.