Бакуде алғашқы Қазақстан-Әзербайжан туризм форумы өтті
Іс-шараны еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі, қос елдің Туризм жөніндегі агенттіктері мен Air astana компаниясы ұйымдастырды деп хабарлайды 24kz.
Форумға 70-тен астам саяхат агенттігі, БАҚ өкілдері мен белгілі блогерлер қатысты. Жиында туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту талқыланып, меморандумға қол қойылды.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Алматы облысының басты табиғи байлығы – асқар таулар мен өзен-сулар, Түркістандағы тарихи орындар, Маңғыстау жеріндегі қайталанбас жартастар мен шатқалдар. Форумның алғашқы сессиясында Әзербайжандық туризм және БАҚ өкілдеріне еліміздің тұмса табиғаты мен көрікті жерлері, халқымыздың мәдениеті таныстырылды. Сондай-ақ қонақтарға биыл қыркүйек айында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жайы айтылды.
Әлім Байел, ҚР Әзербайжандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Әзербайжан стратегиялық әріптестер әрі одақтастар деп айтуға болады. Мұның астын Мемлекет басшысы сызып отыр. Сондықтан ынтымақтастығымыз барлық салада дамуда. Соның ішінде туризм саласында елшілікте керемет форум өткіздік. Оған 70-тен астам компаниялар, туроператрлар, блогерлер, журналистер қатысты. Бұл іс- шара Қазақстанға әзербайжандық туристердің қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз.
Фидан Ахундзаде, Әзербайжан Туризм кеңсесінің Азия елдері бойынша жетекшісі:
- Мұндай кездесулер туристерді тарту тұрғысынан өте маңызды. Визасыз режимнің болуы, ортақ тарих пен тіл жақындығы демалушыларымыздың жиі бір-бірімізді таңдауға түрткі болады. Бүгінгі кездесуде жаңа бағыттармен түрлі мүмкіндіктермен таныстық. Тамыз айында тап осы форматта Астанаға бармақпыз.
Халықаралық форум аясында екі елдің туристік фирмалары басшыларының кездесулері өтіп, Қазақстан мен Әзербайжан туристік гидтер қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Руфат Әлиев, Әзербайжан гидтер қауымдастығы басқарма мүшесі:
- Меморандум екі елдің туристік гидтер қауымдастығының арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Бұл қазақстандық әріптестерміздің біздің елде гид-экскурсовод саласы бойынша білім алып, халықаралық стандартқа сай дайындалып шығуға мүмкіндік береді. Бүгінгі жиын өте мазмұнды болды. Осы форумнан кейін әзербайжандық туристердің Қазақстанға көптеп баратынына сенімдімін.
Жалпы соңғы жылдарда екі елдің туризм саласында қарым-қатынасы едәуір артты. 2023 жылы Орталық Азиядан Әзербайжанға келген әрбір екінші саяхатшы қазақстандық. Мысалы қаңтар мен маусым айлары аралығында Әзербайжанға 38 мыңнан аса отандасымыз сапар шеккен. Ал бұл елден қаңтар мен мамыр айы аралығында Қазақстанға 11 440 адам саяхаттап барған. Жалпы Әзербайжанға туристік ағынның өсу динамикасы бойынша Қазақстан Қытай мен Үндістаннан кейін үшінші орында тұр. Сала мамандары екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ниетті. Осыған байланысты әзербайжандық блогерлерге Қазақстанға тур ұйымдастырылып, Алматы, Шымкент және Түркістан өңірлерінің туристік әлеуетімен танысып қайтты.
Авторы: Меруерт Қанағат