Семейде жедел медициналық жәрдем ауруханасы жөндеуді қажет етеді

Жаңбыр жауған сайын Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасының жертөлесі суға толып кетеді деп хабарлайды 24kz.

Дәрігерлер Парламент Сенатының депутаты Айнұр Арғынбековаға осындай проблемаларын жеткізді. Жергілікті билік бұдан хабардар. Бірақ жылдар өтсе де, жағдай өзгермеген. Бұған қоса, қала шетінде тұратын қызметкерлердің қоғамдық көлік қатынасына көңілі толмайды. Олар жұмыстан қайтарда сағаттап автобус күтуге мәжбүр. Сенатор медициналық персоналдың бұл мәселелері назарға алынатынын жеткізді. Бәрі кезең-кезеңмен шешіледі деп уәде берді.

Айнұр Арғынбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қоғамдық көлік пен көшедегі жарық мәселесіне қатысты көп мәселе айтылды. Тұрғындардың шағымын тыңдадым. Өңірдегі денсаулық сақтау саласында проблема аз емес. Бірақ олар шешімін табуы міндет. Бәрі назарға алынады. Облыс әкімдігі және Сенатпен бірлесіп жұмыс істейміз.