Құлсарыда 100 үй салынып жатыр

Атырау облысында тасқын зардабын жою жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында қазір 100 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Құлсары қаласының Болашақ ықшамауданындағы 100 үйдің іргетасы құйылып, қабырғасы қаланған. Шатыры да жабылып жатыр. Бұл жер – тасқын кезінде суға кетпеген аймақ. Сондықтан жергілікті билік мәселені зерделеп, құрылысты осында жүргізу туралы шешім шығарған. Ауданы 100 шаршы метр болатын 4 бөлмелі тұрғын үйге барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Электр желісі мен кәріз жүйесі жүргізілген. Қазір мұнда 8 мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр. Техникалық қадағалаушылар да құрылыс басында.

Арман Қуанышқалиев, техникалық қадағалаушы:

- Жұмыстың нақты жүруі, көлемін тексеру, мына жобадан ауытқымауын тексеріп отырмыз. Бәрі де өзінің орнымен, ретімен келе жатыр. Бетонның сапасы орнында. Оның бәрі тексеріліп отыр. Келіп жатқан материалдар да тексеріліп, барынша қадағалап жүрміз.

Құрылыс жұмыстарына 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 2,5 млрд-ы «Қазақстан халқына» қорынан, қалғаны облыстық бюджеттен қарастырылады. Құрылыс материалдары мен техника тапшылығы жоқ. Жауаптылар үйлерді 1 қыркүйекке дейін тапсырамыз деп отыр.

Нұрберген Құсайынов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- 100 үйдің құрылысы бойынша 80 үйдің қазіргі таңда құрылысын қаржыландырып отырған «Қазақстан халқына» қоры. Қалған 20 үйдің құрылысына облыстық жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, толық осы 100 үйдің құрылысы бірдей жүріп жатыр. Жалпы мердігер мекемелердің қажетті материалдары толық жеткілікті. Керек материалдарды біздер басқа өңірлерден тасып жатқанымыз жоқ. Өзіміздің облысымыздың аумағынан тасымалдап, жеткізіп жатырмыз.

«Мұнда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалады», – дейді жергілікті билік. Осы ықшамауданнан 2000 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ балабақша да бой көтереді. Оның жобасы қазір жасақталып жатыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов.