Жол сапасын зерттеу: мамандардың біркүндік жұмысы қалай өтеді?

Жол сапасын зерттеуде цифрлық технологияларды пайдалану ширап келеді, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандар жауапты істе бұрынғыдай қағаз толтырып, уақыт жоғалтпайды. Оның үстіне онлайн мәліметтер базасы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бермейді. «24KZ» арнасының тілшісі сала мамандарының біркүндік жұмысын көріп, өзі де зерттеу жүргізіп қайтты.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мамандармен бірге қажетті құрал-саймандарды алып, жолға шығып барамыз. Трассаның құрылыс учаскесінен сынамалар аламыз.

Алдымен елордадағы «Астана Арена» стадионының кіреберісі мен автотұраққа төселіп жатқан асфальттың сапасын тексеруге кірістік.

Ернар Аманбек, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК сарапшысы:

- Жоқ, кез келген жерден алуға болмайды. Өзінің белгіленген жерлері бар. Мысалы, жол шетінен бастап 1 метр қашықтықта, 7 мың квадратқа 3 керн ала аламыз. Міндетті түрде мердігер компанияның адамдары болу керек және технадзор болу керек.

Қуаныш Жаңқабаев, техникалық қадағалау компаниясының сарапшысы:

- Бұны салғанымызға 3 тәулік болды. Біз 2-3 тәулік өткеннен кейін осы шақыртып, келесі қабатын салу үшін алдын ала зертханаға өткіземіз.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл – асфальттың төменгі қабаты. Осы жерден екі бірдей сынама алынып жатыр. Бұл кесек енді арнайы тіркеліп, пакетке салынып, кейін зертханаға жіберіледі.

Ернар Аманбек, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК сарапшысы:

- Бұрынғы кездегі сияқты журналға ручкамен жазу деген жоқ қазір. Қазір тек планшет арқылы «kazroadlab» қосымшасы арқылы бүкіл мәліметтерді енгіземіз. Оған өзінің жеке QR-кодын енгізіп, арнайы пакетімізге саламыз.

Құжат толтырылған соң мердігер мен техникалық қадағалау компанияларының өкілдері ондағы мәліметтерді растап, қол қойды. Бұдан соң Тұран мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы жолдың құрылысына зер салдық.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл жерде асфальт енді төселіп жатыр. Мінекей, ып-ыстық күйде тұр. Осы жерден шелекпен асфальт-бетон қосындысы алынды. Мұның да сапасы тексеріледі.

Өңірлерде мемлекеттік кәсіпорынның 16 сынақ зертханасы бар. 5 жыл ішінде құрылыс материалдарынан алынған 160 мыңнан астам сынама зерттелген. Биыл ел аумағында жұмыс істейтін 400 асфальт-бетон зауыты алғаш рет түгел тексерілді.

Дархан Арықбаев, зертхана меңгерушісі:

- Бізде осындай вакуумдық камералар бар. Сол вакуумдық құрылғыға осы үлгілерді салып, содан сорғылармен бүкіл ауа алынады. Сонда осы үлгіге судың қанығуын анықтап отырамыз.

Дегенмен жол саласында кадр тапшылығы байқалады. Қазірдің өзінде 1,5 мыңға жуық кәсіби маман қажет. Бұл мәселе Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге талқыланып, жаңа оқу жылына жолшы мамандығы бойынша мың грант бөлінді.

Дархан Арықбаев, зертхана меңгерушісі:

- Біздің мекемеде «2000 мектеп» деген бағдарлама бар. Біз мектептерге барып, үгіт-насихат жүргіземіз. Бізде жұмыс жағдайы жақсы. Жалақылары жақсы. Жағдай жасап жатыр Үкімет жағынан.

Жол сапасын зерттеу үшін кәсіби біліммен қатар ептілік пен төзім қажет. Жаңа технологияларды меңгеруде ізденіс те тәжірибені шыңдай түседі. 1 күндік жұмыс барысында осыны аңғардық.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Мұрат Әріпханов.