Ұлттық биотехнология орталығының маңында құрылыс жүргізілмейді

Ұлттық биотехнология орталығының қызметкерлері наразы. Даудың басы орталық ғимаратының алдына құрылыс жұмысы жүргізілгеннен басталған, деп хабарлайды 24KZ.

Олар зәулім ғимараттың алдына сауда үйінің салынып жатқанына қынжылады. Сондай-ақ сирек кездесетін өсімдіктерді сақтауға бюджеттен миллиондаған қаржы құйылған. Мамандар сол зая кете ме деп қорқады.

Бұл – Ұлттық биотехнология орталығы. Мұнда 300-ден астам адам жұмыс істейді. Орталықта жатақхана, жылыжайлар, жануарларға арналған вивариум және 14 зертхана бар. Соның бірінде ғалымдар өсімдіктерді зерттейді, баптайды, сақтайды. Елімізде 6 мың өсімдіктің түрі болса, оның 400-ден астамы жойылудың алдында тұр. Бұл мамандар осыған жауапты. Мемлекет басшысының қолдауымен салынған орталық қазіргі таңда тығырыққа тіреліп тұр. Ғимараттың алдына сауда үйі салынбақ. Олар осыған наразы.

Алмагүл Кәкімжанова, Ұлттық биотехнология орталығының зертхана меңгерушісі:

- Мына жерде «ФулХаус» деген алдымызға тағы бір ғимарат салмақшы. Мұнда біз қалай жұмысымызға кіреміз. Бізге де қауіпті жағдай. Әртүрлі жағдай болады ғой. Өрт болуы мүмкін. Адамдар мына жерде кешке қарай қыдырады, көреді. Сондай тамаша жер. Сондай тамаша жерге мынадай ғимарат салу менің ойымша дұрыс емес.

Егер құрылыс жұмысы басталса, өрт сөндіру көліктері мен коммуналдық қызметтер үшін қиындық туғызады. Сонымен қатар орталыққа тиесілі саябақ та сүріліп кетуі мүмкін. Мұнда Қызыл кітапқа енген өсімдіктер бар. Мамандар бақтың жойылып кетуінен қорқады. Сондықтан орталықтың алды жабылмағанын, сауда нысанының салынбағанын қалайды.

Мақсат Жабағин, Ұлттық биотехнология орталығының адам генетикасы зертханасының меңгерушісі:

- Қорғалжын көшесінің бойында, оң жағында жоғары білім ордасы, сол жағында ғылым ордасы. Бұл Астананың символдарына айналған. Жоспар бойынша сауда үйі деген бірінші кезекке шықпау керек еді. Сауда үйінің салынуы архитектуралық сәнді көріністі құртып, екінші жақтан мына саябақтың зақым келуіне алып келеді.

«ФулХаус» компаниясы Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасынан құрылыс жүргізуге рұқсат алған. Жергілікті әкімдік кәсіпкерге өз аумағында ғана қайта жабдықтау жұмыстарын жасауға келісім бергенін айтады.

Нұрәділ Ғалымжан, аудандар бойынша қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда ғылыми орталықтың қызметкерлері наразылық тудырғандықтан, кеше 2024 жылдың 23 шілде күні біз «ФулХаустың» иелерімен хабарластық. Жағдай туралы айтып бердік. Олар өздері де біліп отыр. Сондықтан олар қайта жабдықтаудан бас тартып жатыр және кеңселерді салмаймыз деп жатыр.

Маманның сөзін компания өкілі де растап отыр. Айтуынша, құрылыс жұмысы әзір жүргізілмейді, сауда орнын салу да әзірге жоспарда жоқ.

Айта кету керек, Ұлттық биотехнология орталығы Qazbiopharm холдингінің құрамына кіреді. Олар мұнда денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, тамақ, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы мәселелерді шешу үшін жұмыс істейді.

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Серік Қоңырбаев, Ырыстанбек Оспанов.