Ақтөбеде шаруалардың мәселесі талқыланды

Ақтөбелік ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жұмыс күшіне мұқтаж, деп хабарлайды 24KZ.

Мұндай мәселе әсіресе көкөніс пен жеміс-жидек өсіретін бірқатар қожалықта байқала бастаған. Кәсіпкерлер көрші ел азаматтарын тартуға көбірек квота бөлуді ұсынып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаровтың өңірдегі тауар өндірушілермен кездесуінде айтылды. Белгілі болғандай, облыстың ауылшаруашылық саласында жұмыс істеу үшін квота бойынша шетелден 210 адам тартуға болады. «Бұл аздық етеді», – дейді шаруа қожалығының басшысы Асқарбек Нұрлыбаев. Бұдан өзге, кездесу барысында жайылым мен шабындық, техника сатып алуға субсидия беру, су тасқынының салдарынан келген шығынның орнын толтыру мәселелері талқыланды.

Асқарбек Нұрлыбаев, кәсіпкер:

- Мен, мысалы, 200 адамды жұмысқа алып, далалық алқапта таңқурай өсіруге дайынмын. Бірақ «болмайды» дейді. Сондықтан квотаны көптеп бөлу керек. Сол кезде өнім алуды да ұлғайтуға болады.

Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кадр мәселесі – ауылда өте өзекті мәселе. Оны шешу бірқатар шешімді қажет етеді. Әсіресе бұл – өзіміздің университеттерімізде заманауи білім беру. Ақтөбенің өзіне лайықты және өзіне тән бір үлкен мәселелер бар, әсіресе ол – электр энергия тарифінің мәселесі. 49 теңгеден асып отыр. Осы мәселе бойынша біз қыркүйекте бір үлкен жиналыс өткізейін деп жатырмыз.