Шығыста 80 кәсіпорын мүгедек жандарды жұмысқа алады
Шығыс Қазақстанда мүгедек азаматтарды жұмысқа орналастыру
үшін бірнеше кәсіпорын арнайы құралдар ала бастады. Кембағал адамның еңбек етуіне ыңғайлы орынды жабдықтауға кеткен шығын, бюджет қаржысы есебінен өтеледі. «Бұл жұмыс берушілерді ынталандырды» - дейді мамандар. Қазір өлкеде ірілі-ұсақты 80 мекеме 355 адамға кәсіп ұсынуға ниет білдіріп отыр. Әсіресе тау-кен игеру саласындағы өндіріс орындары әлеуметтік жобаға белсене қатысып жатыр.
Бұл Риддердегі тау-кен байыту комбинаты. Мұнда ондаған мүгедектігі бар азамат жұмыс істейді. Олар өндірістік процесс қауіпсіздігін бақылайды. Көпшілігі бұл міндетті онлайн режімде атқарып,жалақы алады. Ол үшін қашықтықтан жұмыс істейтін бейнебақылау кабинеті жабдықталған. Ал мынау Өскемендегі өнеркәсіптік жобалау компаниясы. Жол апатынан соң арбаға таңылған экс-футболшы Вячеслав Эрбес осында сату бойынша менеджер болып істейді. Еңбекақы алып,отбасын асырап отырған азамат үшін бұл үлкен мүмкіндік.
Вячеслав Эрбес, қала тұрғыны:
- Мүгедек болып қалу деген бос қарап отыру деген сөз емес. Қиындықты еңсере білу қажет. Мені бұл жерге арнайы көлікпен әкеледі. Жұмыс істеуім үшін барлық жағдай жасалған.
Қаладағы бірнеше мекеме қазір арнайы жұмыс кабинетін жабдықтауға кіріскен. Олардың қатарында жоғарғы оқу орындары да бар. Мәселен, мына университет ұжымы тамыз айында мүгедектігі бар азаматты қызметке қабылдайды. Болашақ әріптестерінің отыратын жерін, қолданатын құралдарын бүге-шігесіне дейін ойластырған.
- Портативті видеоүлкейткіш бар кез келген тексті 30 есе үлкейтуге болады. Және де арнайы лупасы бар жарығы бар және құлағы нашар еститін адамдарға арнайы радиоусилительдер бар.
Мүгедектерге қолайлы жұмыс істеу орнын дайындауға кеткен шығын бюджет есебінен өтеледі. Мансап орталығының жетекшісі Арайлым Есімбекованың айтуынша бұл жұмыс берушіге де, жұмысшыға да үлкен демеу. Қазір 80-нен астам кәсіпорынмен келіссөз жүргізіліп жатыр.
Арайлым Есімбекова, Өскемен қалалық мансап орталығының директоры:
- Қала бойынша үлкен мониторинг жасадық, осы мониторинг бойынша үлкен анализ жасалды.Осы анализге қарасақ қуантатыны біздің мекемелерде барлық қолайлы жағдай жасалған мүмкіндігі шектеулі жандарға және бұл квотаны артығымен орындап отырғаны қуантады. Және биылғы жылы арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін 3 сұраныc келді.
Кембағал азаматтар болса, өздерінің ешкімнен кем емес екенін дәлелдеуге дайын. Тек қызметте ғана емес,спортта да белсендіміз,- дейді Динара Мұратбекқызы. Екі жылдан бері стол тенисімен шұғылданып жүрген ол үлкен сайыстарға дайындалуда.
Динара Мұратбекқызы, зағип жандар бірлестігі директорының орынбасары:
- Біз қаншалықты көзіміз көрмесе де,адам қатарлы екенімізді, біздің қолымыздан спорт түрі де,басқа жетістіктер келетінін халық алдында үйрету,көрсету дәлелдеу боп тұр. Біз осы ойынды ойнап жатқанда, ол жылдамдыққа үйретеді, құлақта есту қабілетіне, сақтылыққа үйретеді.
Мүгедектігі бар азаматтарды қоғамға бейімдеу жобалары өлкеде әлі де жалғасады. Өйткені бұл бастамалар олардың ел қатарлы өмір сүруге деген ынтасын арттырады.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин