Қарағанды облысында жылқыға вакцина салынды

Қарағанды облысында 200-ге жуық жылқы алғаш рет эпизоотиялық лимфангитке қарсы егілді.

Отандық вакцинаны Отар биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жасап шығарған. Осы уақытқа дейін мамандар жылқыларды бұл инфекциядан қорғай алмады. Созылмалы ауру теріні қабындырып, лимфа тамырларына зиянын тигізеді. Ғалымдар қазір вакцинацияланған жануарларды бақылауға алған. Алғашқы нәтижелер қазан айында белгілі болады. Бұқар жырау ауданында екі жыл бойы эпизоотиялық лимфангит ауруы тіркеліп, осы уақыт аралығында ауыл тұрғындары 300-ден астам малынан айырылды. Үміткер ауылында ақпан айында енгізілген карантин әлі жалғасып жатыр. Бұл елдімекенде 4 мыңдай жылқы бар. Мұнда жарты жылда 125 жылқы жойылды. Мамандар бес күн сайын үйірлерге клиникалық тексеру жүргізеді. Ветеринариялық бақылау комитеті облыстық инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаевтың айтуынша, әр өлген жылқыға шамамен 600 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді.

Ержан Бекетбаев, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау комитеті облыстық инспекциясының басшысы:

- Карантин аумағы ұлғайтылды. Ақпан айынан бастап жайылымдарды тексеріп жатырмыз. 300 жылқы жойылды. Оның 280-і өтелді. Жаңа вакцинаны сынау үшін екпе егіп жатырмыз. Отар ғылыми-зерттеу институты вакцинаны әзірлеуде, бірақ тіркеу сатысында. Тіркеу қалай өтеді, жаппай вакцинация басталады.