Астанада автобус жүргізушілеріне қатысты бір күнде жүзге жуық хаттама толтырылды

Елордада бір күн ішінде қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты 100-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұл заң бұзушылықтар "Автобус" жедел алдын алу шарасы кезінде анықталды. Оның ішінде манёвр қағидаларын бұзу, техникалық тексерістен уақтылы өтпеу, қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты деректер бар.

- Автобус 127! После высадке пассажиров останавливаемся! 

Бұл №31 бағытта қатынайтын автобус. Жүргізуші жол қиылысынан бұрылар кезде қосымша жарықшамдарды қоспады. Бұл әрекет жол-көлік оқиғаларына әкеп соғуы мүмкін.  Заңнамаға сәйкес, қоғамдық көлік соңғы аялдамада тоқтатылып, жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. 

Егенберді Қойбағаров, автобус жүргізушісі:

- Жаққанмын, сол бұрылған кезде қайтып өзі өшіп қалады. Автобуста жүргеніме 6 жыл болып қалды. Бұған дейін 2 жыл бұрын толтырған (хаттама). ОПМ болып тұру керек. Автобустарда тәртіп болмаса, болмайды ғой. Бағыну керек заңға. 

Ал №36 бағытта жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушісі қауіпсіздік белдігін талапқа сай тақпаған.

- Ременьді дұрыстап тақпайсыз ба?!

- Тағылып тұр ғой.

- Неге қыстырып қойдыңыз. Міне, осылай тағу керек қой. 

Ал жылдамдықты тиісті нормадан асыру деректері байқалмады. Бұған қатысты жолаушылардың да пікірін тыңдап көрдік. 

БЛИЦ:

  1. Қазір жақсы жүріп жүр ғой. Маршруттар жақсы, өзінің полосалары бар ерекше. 
  1. Жоқ, жақсы жүреді. Кейбірде жүріп кетіп бара жатып қолды былғасаң, тоқтай салатындар да бар, тоқтамайтындар да бар. 

Тәртіп сақшылары көлік құралдарының техникалық жағдайына да мән берді. Соның нәтижесінде заңсыз қайта жабдықталған және техникалық тексерістен уақтылы өтпеген автобустар да анықталды. 

Асхат Жұмағалиев, Астана қалалық ПД патрульдік полиция полкінің кезекші бөлім бастығы:

- Бір күндік қорытынды бойынша Астана қаласы аумағында 96 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде заңсыз қайта жабдықтау - 1, уақтылы техникалық тексеруден өтпеу - 15, көлік басқару кезінде телефон қолдану - 7 және маневр қағидасын бұзған 8, жолаушылардың алдында міндетті сақтандыру полисін жасамаған 6 факт анықталды. 

Жол-көлік оқиғаларын азайту және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған жедел алдын алу шарасы апта соңына дейін жалғасады. 

Еркебұлан Смадияров, Ербол Дайыров