Астанада 300-ге жуық бақылаушы жолақының төленуін қадағалайды

Астанада 1 тамыздан бастап қоғамдық көлікте жол жүру тарифі көтеріледі.

Жолақы  90 теңгеден 110 теңгеге дейін артады. Бүгінгі таңда қоғамдық көліктер қозғалысын субсидиялауға жылына 25 миллион теңгеге дейін бөлінеді. Тарифтердің көтерілуі, бұл санды біршама азайтпақ.

Елордадағы қоғамдық көлік қызметінің тарифі соңғы он жылда өзгермеген. Бірақ жанар-жағармай қымбаттап, тасымалдау шығыны едәуір артқан. Мәселен, дизель отыны он жыл бұрын 107 теңге болса, қазір 295 теңге. Сол себепті биыл жол ақысын арттырып, 110 теңгеге жеткізу қажеттігі туындады дейді тасымалдаушылар. 

Әлихан Керімжан, қалалық көлік басқармасының бас маманы:

- Жеңілдікпен жүретін жолаушылар үшін ешнәрсе өзгермейді. Олар тегін жүре береді. Қалғандарына тариф 110 теңге болады.  Айта өтейік, қоғамдық көлік қызметінің өзіндік құны 400 теңге. Бірақ оның басым бөлігін мемелкет субсидиялайды. Сондықтан тарифтің көтерілуі субсидиялау көлемін 8%-ға азайтады.

Қазір елордалық автопаркте 1100-ге жуық автобус бар. Олар күніне 700 мыңдай жолаушыны тасымалдайды. Оның ішінде жол ақысын жүйелі түрде төлемейтіндер де бар. Жыл басынан бері 290 мың адам жолақысын төлемеген. 13 мың азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл тек Астанада тіркеген деректер.

Мәди Сарбасов, CTS көлікті үйлестіру департаментінің директоры:

- 90 теңге тариф тасымалдаушылардың шығынын жаппайды. Ал пайда туралы айтуға да келмейді. Иә, кейбір автобустардарда лық толы. Бірақ олардың тек 65%-ы ақылы транзакция жасайды. Қалғаны жеңілдікпен жүретін жолаушылар. Бізде қоғамдық көлікте ақысыз жүретіндің 6 категория бар. Егер жолаушылар ағынына келсек, мамыр айында 900 мың сапар тіркелді. Оған қала мен қала маңындағы қоғамдық көліктер кіреді. Ондағы жолаушылардың 30 пайызы тегін тасымалданады. Ал жол ақысын төлеуден  жалтарғандар шамамен 10 пайызды құрайды.

Қала маршруттарында күнделікті 300-ге жуық бақылаушы жол ақысының уақытылы төленуін қадағалайды. Ал билетсіз жүргендермен  күресу үшін автобустардағы камералар санын арттырып, жүйені полиция базасымен біріктіру жоспарланып отыр.

Ғазиза Мұхамеджанова, Ақылбек Есімсейітов