Алматыда төрт онлайн казино жабылды
Алматыда заңсыз ойын бизнесі бойынша 5 қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды 24kz.
Заңсыз жұмыс істеген 4 онлайн казино мен бір ойын залы жабылды. Былтыр заңсыз құмар ойын ұйымдастыру ісі бойынша 14 факті анықталған.
«Ұйымдастырушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - дейді Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Сәкен Қондыбаев. Сала мамандары қазір Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң аясында жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, қыркүйектен бастап букмекерлер мен тотализаторларды жарнамалауға ресми түрде тыйым салынады. Олар тек спорт ғимараттарында, спортшылар киімі мен халықаралық жарыстарда ғана жарнама жасай алады. Бірақ 21 жасқа толмағандар, борышкерлер, мемлекеттік, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бюджеттік компания басшылары бәс тіге алмайды.
Сәкен Қондыбаев, Алматы қ. экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының басшысы:
- Лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылған. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, мәдени ұйымдардың ғимараттары мен әлеуметтік нысандарда, білім беру, денсаулық сақтау сондай ақ 100 метр қашықтықта лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынған.