Баланың денсаулық паспорты электронды нұсқаға ауыстырылады

Елде баланың денсаулық паспорты электронды нұсқаға ауыстырылады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл құжатты баласы мектепке не балабақшаға баратын ата-аналар міндетті түрде толтырып тапсыруы тиіс. Онлайн жүйеге медициналық мәліметтер енгізіледі. Цифрлы жобаның тағы қандай артықшылығы бар?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Баланың электронды денсаулық паспорты ата-ананы ең алдымен қағазбастылықтан арылтады. Онлайн жүйеде профилактикалық екпелер мен скринингтердің қорытындысы жазылады. Қазір дәрігерлер білім беру ұйымдарына баратын балалардың құжатын толтырып жатыр.

Людмила Зелинская, қалалық емхананың медбикесі:

- Мектепке немесе балабақшаға баратын баланың денсаулық құжаты онлайн түрде дайын болады. Оған барлық медициналық мәлімет енгізіледі. Сондықтан бұл өте ыңғайлы жүйе деп санаймыз.

Петропавлдағы №1 емханасына 15 мың бала тіркелген. Қазір олардың электронды денсаулық паспорты әзірленіп жатыр. «Бұл медициналық деректердің жоғалып кетпеуіне де мүмкіндік береді», - дейді дәрігерлер.

Айнұр Әбіл, қалалық емхананың педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі:

- Бұл форма негізі 18 жасқа дейінгі балалардың барлығына беріледі. Соған орай ата-аналарды балаларыңыздың уақытылы профбайқаулар мен профилактикалық екпелерді уақытылы өтулерін сұраймыз. Өйткені барлық ақпараттар сол 52/2 формасына толық енгізіледі.

Денсаулық паспортын цирфландыру жобасы тамыз айында толық іске қосылады. Биыл оны еліміз бойынша мектепке баратын 380 мың бала тапсырады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов