Елордада жастарға 2000 бос жұмыс орны ұсынылды

Елордада өткен бос орындар жәрмеңкесінде тұрғындарға 2 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылды, деп хабарлайды 24kz.

Шараға мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және жеке компаниялар арасынан 100-ге жуық жұмыс беруші қатысты. «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған жәрмеңкеге Мәжіліс спикері әрі «Аmanat» партиясының төрағасы қатысып, жұртшылықпен кездесті. Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін кемінде 2,3 млн жасты жұмысқа орналастыру міндетін қойғанын атап өтті. Жәрмеңкеде бос жұмыс орындарымен қатар білім мен бизнеске арналған бағдарламалар жайлы кеңес берілді. «Amanat» партиясы ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі елдің барлық аймағында өтіп жатыр.

Ақерке Ескендірова, «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы:

- Қалай тұжырымдаманы толтыру керек, қалай жұмысқа дайындалу керек деген сияқты түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, осындай жұмыстың арқасында өткен жылы бізде 25 мыңнан астам жас жұмысқа жолдама алды. Біз олармен тұрақты жұмыс жүргіземіз.