Түркістан шаруалары судан тарыққан жоқ

«Биыл су мол болды. Суару маусымында тіршілік нәрінен тарыққан жоқпыз. Соның нәтижесінде егін бітік шығып, өнімділік те артты». Түркістан облысының шаруалары осылай деп қуанып отыр.

Жылда жаз айларында арық-атыздардың табаны құрғап, ағын судан қиналатын шаруалардың көңіл-күйі биыл көтеріңкі.

Шардара ауданы Қоссейіт ауылының тұрғыны Төлепберген Артықов 10 жылдан бері диқаншылықпен айналысады. Жылда суару маусымында тіршілік нәрінен тарығатын шаруа биыл ағын су жеткілікті болғанын айтады.

Төлепберген Артықов, диқан:

- Су биыл жақсы болды. Халық риза. Жылда қиналатын едік, биыл жақсы. Қыстық суды да жақсы іштік, жаздығын да іштік. Қазір екінші суын ішіп жатыр. Биылғы жылы судан еш қиналғанымыз жоқ, рақмет.

Аудан диқандары биыл су тұрақты берілгендіктен, мол өнім алып жатқандарын айтады. Қарбыз еккен шаруалар тіпті тамыз айында екінші рет өнім жинауды жоспарлап отыр. Суға жауапты мамандардың айтуынша, қазір Сырдың жоғарғы сағасынан секундына 125 текше метр су келіп жатыр.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бүгінге дейін шаруаларға Шардара су қоймасынан Қызылқұм каналы арқылы 682 млн текше метр су жіберілген. Қазір қоймада 2,6 млрд текше метр су бар. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 600 млн текше метрге артық. Егіншілердің сұранысы бойынша қазір егіс алқаптарына секундына 115 текше метр су жіберіліп жатыр.

Саурандық диқан Арман Арыстанов 8 жылдан бері егіншілікпен айналысады. Биыл 25 гектар жерге қарбыз, 5 гектарға бұрыш еккен. Су жеткілікті болғандықтан, өнімділік те артқанын айтады. Қазір қарбыздың алғашқы өнімін сатып үлгерген. Енді 10-15 күнде екінші бөлігін жинап, сауда сөрелеріне шығармақ ниетте.

Арман Арыстанов, диқан:

- Биыл «Арыс-Түркістан» каналының суымен қарбызымызды жақсылап суарып алдық. 4-5-ші суын ішті. Қарбызды Астана, Алматы, Қарағандыға жібердік. Біреуін сатып алушының өзі алып кетті. Қазақстанның іші жалпы. Мына жерде енді болгар бұрышын көріп тұсыздар, жағдай жақсы.

Түркістан облысында 552 мың гектар суармалы жер бар. Биылғы жылы егіс алқаптарын 3 млрд 287 млн текше метр сумен қамту көзделген болса, бүгінге дейін соның 1 млрд 600 млн текше метрі шаруаларға жеткізілген.

Жандар Бахашбаев, «Қазсушар» республикалық МКМ Түркістан филиалы директорының орынбасары:

- Өткен жылмен салыстырсақ, Достық каналынан 70-80 текше метр су келсе, бүгінгі таңда 96 текше метр су Достық каналынан келіп жатыр. БХМК каналдарынан Сарыағаш, Келес аудандарына өткен жылы 72 куб келсе, бүгінгі таңда 85 куб су келіп отыр. Бұдан бөлек, 500 шақырым артам каналдар механикалық тазалаудан өтті.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы Өзбекстаннан Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберу туралы келісім жасалған болатын. Жалпы суару кезеңі басталғалы бері Өзбекстаннан елімізге 3,9 млрд текше метр су келген.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.