ШҚО-да 100 жаңа тұқым түрі таныстырылды. LIVE
Шығыс Қазақсанда «Дала күні» халықаралық мерекесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ең ірі агрохолдинг ұжымдары ауылшаруашылық саласындағы жетістігін паш етіп, жаңа сұрыптар мен заманауи техникаларын таныстырады. Бүгін Глубокое ауданында бас қосқан аграрлар арасында тек отандық мамандар емес, көрші Ресейден де ғалымдар болды.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Иә, бүгін дала төсін емген диқандар, шаруалар, егін егіп, шөп шауып жүрген нағыз еңбек адамдары осы жерге жиналды. Біз қазір Глубокое ауданындағы Солнечный кентінде тұрмыз.
Жер игерудегі жаңалықтың бәрі осында. Фестивальге 100-ден астам тұқым түрі таныстырылады. Бұндағы әрбір дән – жылдарға созылған жүйелі жұмыстың жемісі. Әр жаңа сұрыптың өз авторы бар. «Дала күні» мерекесі диқандар арасындағы тәжірибе алмасу алаңы десе де болады. Бүгін мұнда көршілес ел Ресейдің астықты өлкесі Краснодардан аграрлық сала көшбасшылары да келді. Осылайша, жиналғандар екіжақты тәжірбие бөлісіп, әріптестік орнатпақшы. Сонымен қатар бұл жерде егістікке қажет техника түрлері де таныстырылды.
Осы жерде айтылған ұсыныс идеялар енді салалық басшылар назарына да ілігер, қолдау табар деген үміт бар аграрларда. Өйткені тек мемлекеттік қолдау арқылы ғана сапасын арттырып, импортқа тәуелділіктен арылып, керісінше, өзгеге тартымды дүниелерге қол жеткізуге болады.
Әуеден ылғалдандыру, су шашу үшін дрон қолданылып жатыр. Бұл құралдар кәдімгі жердегі техникаға қарағанда үнемді әрі тиімді көрінеді. Қазір, міне, іске қосып жатыр. Дрондар бұрын қолданылған техникаға қарағанда 5 есе арзан, ал бір өзі қыруар жұмысты атқарады. Аппарат жадына егістік алқабының картасы да жүктелген. Яғни, су тимеген жер қалмайды. Мінеки, егінді алқаптарға осында заманауи жаңалықтар еніп жатыр. Бұның бәрі, әрине, қамбаға түсер астықты молайтады.