Маңғыстауда теңізге түскен 10 жасар бала құтқарылды

Маңғыстауда үрлемелі шеңбермен теңізге ығып кеткен 10 жастағы бала құтқарылды, деп хабарлайды 24KZ.

Қарақия ауданы Құрық ауылында тұратын жеткіншек ата-анасымен бірге жағалауға барған. Сол жерде ол мінген шеңберді күшті толқын жағалаудан 300 метрдей қашыққа алып кетеді. Абырой болғанда, сол аумақта құтқарушылар кезекшілікте жүрген. Шақырту түскен бойда жедел барып, үрейленген баланы дін-аман жағаға жеткізеді. Жақындарымен түсінік жұмыстарын жүргізіп, баланы қараусыз қалдырмауды қатаң ескертеді.

Айта кетсек, Маңғыстауда жыл басынан бері 9 адам суға кетті. Екеуі – бала. Тағы 51 адам құтқарылды. Соның 10-ы – кәмелетке толмағандар.

Альберт Омаров, ТЖД жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:

- Баланың жағдайы жақсы. Кішкене шошынған. Ата-анасына тапсырылды. Алғашқы көмек қажет болған жоқ. Қаншама үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан балалар қауіпті аймақтарға, суға түспейтін жерлерге түседі. Тыңдамайды. Әкімшілік хаттама толтырылады.