Ақмола облысының курорт аймақтарына жарты миллионнан астам турист барды

Ақмола облысының курорттық аймақтарына жарты миллионнан астам турист келді.

Меймандар үшін ең тартымды орындар Щучье-Бурабай және Зеренді курорттық аймақтары болып қала береді. Туристік маусым қалай өтіп жатыр және демалушылардың сервистің сапасына көңілі тола ма? Бұны біздің тілшіміз Аслан Әбутәліпов анықтады.

Қазақстанның Швейцариясы атанған Бурабайға күніне он мыңға дейін турист келіп, демалады. Аяулым Русланова жылына бірнеше рет отбасымен бірге Астанадан келеді. Сондықтан аймақтағы демалыс орындарындағы баға мен сапаны жақсы біледі. Оның сөзінше, туристік қызметтер қыруар қаржыны талап етеді, бірақ сервистің сапасы біртіндеп жақсаруда.

Аяулым Русланова, турист:

- Мысалы, бір екі-үш күнге жүз-жүз елу мың. Ол екі-үш адамға кетеді солай. Ол сен мында тамақтанасын кафеларда, ресторандарда, мысалы балаларды атқа мінгізесің, қайыққа мінгізесің. Соның бәрі біраз ақша алады. Сервис жақсарып келе жатыр қазіргі уақытта бұрынғы уақытқа қарағанда. Бірақ менің ойымша арттарынан қоқыстарын жинап отыру керек.

Бурабайда велосипед және су көлігін жалға алу, сондай-ақ атпен серуендеу қызметтері үлкен сұранысқа ие. Бой сергітіп демалу үшін барлық жағдай жасалған. Көбінесе баға қолжетімді болғанымен, бірақ айтарлықтай кемшіліктер де бар, дейді меймандар.

Бақытжамал Ілиясова, турист:

- Бұл жер жақсы, бағасы да көңілге қонарлық. Бірақ бір ғана әттеген-ай бар екен. Мына әжетханалары жоқ, сосын мына адамдар отырған жерлерінде қоқысты тастап кетіп, табиғатты ластап жатыр екен. Жаңа біз мына таудың арасынан, орманның арасынан сондайларды көріп келе жатырмыз. Бір ғана әжетхана бар екен, оның да есігі кілттеулі тұр. Тек сол жағын ғана жөндеу керек екен, басқа көңілге қонарлық.

Ал жергілікті биліктің айтуынша, туристер үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Биыл Бурабай курорттық аймағында санитарлық тазалауға 18 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Жазда мұнда 88 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс істейді, дейді туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский.

Андрей Подгурский, облыстық туризм басқармасының басшысы:

- Қонақтардың жайлылығы үшін Бурабай кент аумағында санитарлық-гигиеналық тораптар қызметінің құнын 50 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Ал бес дәретхана тегін болады, техникалық қызмет көрсету бюджет есебінен жүргізіледі. Санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша күнделікті жұмыстар ерекше бақылауға алынды. Жалпы болып жатқан мәселелерді жедел шешуге тырысамыз.

Туристердің сұраныстары да өзгеріп келеді. Өңір қонақтары жағажайда демалуды немесе табиғатта серуендеуді ғана емес, сауықтыру және ем-дом қабылдауды қалайды. Сондықтан туроператорлар қызмет көрсету аясын кеңейтуде, дейді демалыс орынының басшысы Айдар Қойшыбаев.

Айдар Қойшыбаев, демалыс орнының директоры:

- Қазір қонақтар анимация мен ойын-сауыққа, экскурсияларға көп қызығады. Біз биыл джип-сафари және көлде қайық экскурсиясын аштық. Адамдар жаңашылдықтарды іздейді, өйткені олар отбасылармен келеді және балаларына қызықты нәрселерді көрсетеді. Сондықтан демалыс бағдарламасын жаңартып келеміз.

Ең маңызды мәселелердің бірі – демалыстың құны. Қонақ үйлердің бағасы жазда әдеттегідей шарықтап тұр. Мысалы, бір номерді бір тәулікке алу ең кемінде 15 мың теңге қажет. Баға қызметтердің жайлылығы мен сапасына байланысты, дейді туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский.

Андрей Подгурский, облыстық туризм басқармасының басшысы:

- Жыл сайын туристік қызметтердің құны шамамен он пайызға өседі. Бұл, ең алдымен инфляцияға және белгілі бір өнімдердің қымбаттауына байланысты. Айта кетсек, биыл электроэнергия үшін баға көтерілді. Ал біз жеке кәсіптің баға саясатын реттей алмаймыз. Баға деңгейлері әр түрлі санаттағы туристерге табылады. Бірақ біз бизнеспен тығыз жұмыс істейміз, қызметтердің сапасын арттыруға ат салысып келеміз.

Тұрақ орындарының тапшылығы мәселесі де әлі шешімін таппады. Биыл 1200 көлікке арналған екі тұрақ ашылды. Жалпы жыл соңына дейін Ақмола облысы бір миллион үш жүз мыңнан астам туристі күтуде. Оларға төрт жүзге жуық демалыс орындары өз қызметтерін ұсынады.

Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев