Семейдегі жылу орталығы жаңартылып жатыр

Абай облысы бойынша жылу желілері шамамен жетпіс пайызға тозған.

Семейдегі жалғыз жылу энерго орталығы да ескірген. Қазір оны жаңғырту үшін 28 жоба әзірленіп жатыр. Бұл жайында Премьер-министрдің Абай облысына жасаған жұмыс сапары кезінде белгілі болды.

Олжас Бектенов қаладағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды да аралап, Семей орманы резерватының жағдайын көрді. Әрі қаланың Бас жоспарының жаңа жобасымен танысты. 

Премьер-Министр Олжас Бектенов «Семей орманы» табиғи резерваты аумағын әуеден тексерді. Былтыр болған алапат өртте күлге айналған 66 га орманды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар заманауи жабдықтарды пайдаланып бір жылда 3 млн қарағай көшетін өсіруді жоспарлап отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Орман өрттерінің алдын алу өте маңызды міндет. Біз Президенттің тапсырмасы бойынша биыл бірінші болып соққы қабылдайтын ТЖМ және орман шаруашылығы құрылымдарын техникамен жабдықтау бағдарламасын қолға алдық. Аталған бағдарламаны жалғастырып, сіздерді заманауи техникамен қамтамасыз етеміз. Айтқым келген тағы бір маңызды мәселе – заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы. Олармен күресу керек. Сіздер олардың бар екенін менен жақсы білесіздер. 

Бұдан бөлек отын брикеттерін шығаратын ағаш өңдеу кешенін салуға 7,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Қазір Семей қаласының индустриялды аймағында 55 га жер рәсімделіп жатыр. Жоба аясында 530 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Үкімет басшысы табиғи резерват аумағындағы орман кешені мен ағаш тұқымы стансасын аралап көрді. 

Руслан Надырбеков, орман кешенінің директоры:

- Бұл орман кешенінде қарапайым қарағай көшеттерінің екі түрі өсіріледі. Жабық тамыр жүйесі және ашық тамыр жүйесі болып екіге бөлінеді. Жылына бұл кешен 10 миллион көшет береді. 

Ал қаладағы бірінші ЖЭО жағдайы сын көтермейді. Тоқсан жылдық тариххы бар нысан бүгінде әбден ескірген. Қазір ол 70 мыңға жуық абонентті жылумен қамтып отыр. Бірақ әр қыс сайын орталықта апат орын алады. Биыл энергетика саласын жаңғыртуға 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. 

Еркін Сағындықов, "Жылукоммунэнерго" МКК директоры:

- Барлық жөндеу жұмыстары уақытылы жасалады. Біз он бесінші қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір мамандар жұмыс істеп жатыр. Бәрі кестеге сай жасалатын болады. 

Премьер-Министр жұмыс сапары барысында жүк көліктерін шығаратын Семей машина зауытын, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын мен резеңке, техникалық бұйымдар әзірлейтін нысандарда болды. Олжас Бектенов бұл нысандар Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы