Абай облысының кәсіпкерлерін қаржылай қолдау екі есе артады

Абай облысындағы Көкпекті ауданында мемлекет қолдауымен кәсібін дөңгелетіп отырғандар көбейді, деп хабарлайды 24kz.

Солардың бірі – Тассай ауылының тұрғыны Жанат Ибрагимов. Ол балық етін өңдейтін цех ашқан. Қазір өнімі Қазақстанда ғана емес, шетелдерге де экспортталады.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Зайсан көлі негізінен Тассай ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан. Бірақ дәл осы жерде балық аулауға тыйым салынған. Сондықтан балықшылар ары қарай тағым 45 шақырым жол жүреді

Тассайлықтар көп жыл бойы Зайсан көлінен ауланған балықты Өскеменге апарып саудалайтын. Қазір жұмысы жанданған цех сазан, шортан, көксеркенің етін, одан бөлек, балық қанаттарын сатады. Жанат Ибрагимов кәсібін ашу үшін мемлекеттен 22 млн несие алған.

Жанат Ибрагимов, кәсіпкер:

- Мен 1998 жылдан бері балық шаруашылығымен айналысып келемін. Осыдан 10 жыл бұрын осы филейный цех жұмыс істеген. Содан кейін участоктары жоқ адамдар айналыса алмайды деп, барлығы жабылды. Неше жыл конкурс ұта алмай жүргем. Былтыр сәті түсіп, участок ұтып алдым. Сол бұрынғы цехымды қайта ремонттап жөндеп, жұмыс орнын бастап отырмыз. Қазір бұл цехта 60-қа жуық адам еңбек етеді. Балық аулайтын 40 қайық бар. Дайын жуылып келеді бізге филе. Оны алған соң дұрыстап қарап, біз барлығын тақтайларға орналастырамыз. Қараймыз тексереміз.

Шынар Солтабаева, цех жұмысшысы:

- Өзінің әдісі бар. Сол әдіспен біз алып жасаймыз. Бір сүйегін жібермей таза етін ажыратып береміз. Ол ары қарай өндіріске кетеді. Күніне бір тоннадай балық өндіреміз. Бір адам 100-120 кг филе соя аламыз. Еңбекақымызды уақытында алып отырмыз.

Қазір Абай облысында 53 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 1300-і осы Көкпекті ауданында шоғырланған. Биыл төмен пайыздық мөлшерлемемен несие беруге облыс бюджетінен 950 млн теңге бөлінді.

Мұрат Малікаждар, Жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы:

- Осы біздің мемлекеттік бағдарламалардың қаржыландыруын ұлғайту. Ақша бөлінген сайын кәсіпкерлерді қолдау мүмкіншіліктері де көбейеді. Сондықтан біздің басты мақсатымыз кәсіпкерлерге анализ жасап, келесі жылы соған қарай қаржыландыруды екі есе көбейту.

Енді Жанат Ибрагимов балық зауытын ашуды көздейді. Жоспары іске асса, тағы 50 адам жұмыспен қамтылады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы