Қызылордада мың жылдық тарихы бар теміржолшы әулет тұрады
Тұтас үрім-бұтағы бір кәсіптің құлағын ұстап, ұрпақтар сабақтастығын ту еткен Байсұғұловтар әулеті Қызылордада тұрады.
Тағдыры темір жолмен біте қайнасқан 4 буынның еңбек өтілі бақандай 978 жыл. Берекелі іс, байырқалы тірлігін асыл мұра ретінде табыстап отырған аталы қауымның үлкені 1906 жылы «Орынбор -Ташкент» шойын жолын салуға қатысқан. Бертін келе «Түрксіб» бағыты мен Қызылорда локомотив депосы құрылысында тер төккен құрыш қолды Төремұрат Байсұғұловтың бүгінгі ұрпағы қалыптасқан үрдісті жалғастырып келеді.
Қос рельске телінген ата кәсіпті ағайынды 4 жігіт бастайды. Төремұрат, Ахмет, Тәжібай мен Кәрбоз Ұлы Отан соғысы басталғанша теміржол саласында қызмет істейді. Соның ішінде кәнігі машинист Төремұрат саналы ғұмырын отарба тізгіндеуге арнады. Оның ізін баласы Орынбек жалғап, кейін немересі Мейрамбек те әке жолын жаңғыртты.
Мейрамбек Байсұғұлов, вагон сақтау паркінің инспекторы:
- Әр адамның кішкентай кезінен арманы болады. Осы темір жолда істеуді армандайтынмын. Аталарымның артынан темір жолда істеп келе жатқаныма 23 жыл болды. Қазақстан еліне еңбек етіп, қауіпсіздік сақтау бойынша жұмыс істегеніме қуаныштымын.
Әулеттің ұлдары ғана емес, қыздары да әке жолын қуып келеді. Пойыздың жылдамдығын өлшеп, себепсіз кідірулер себебін анықтаумен Гүлнар Байсұғұлова айналысады. Ұзын-сонар құрамның жүрісі жазылатын «қара жәшікті» ашып, шифр-кодты оқитын маман да сол. Жалпы күрделі стратегиялық салада әулеттің 25 өкілі тер төгеді. Соның ішінде ең кенжесі Бекболат Орынбек.
Бекболат Орынбек, жүк тасымалдау бөлімшесінің өндірістік бөлім бастығы:
- Біздің мамандық өзіме ұнайды, жақсы көремін. Мамандығым бәрін қамтамасыз ету. Арнайы киім, тауар, қызмет көрсетумен бүкілін қамтамасыз ету. Енді аталарымыздың жолын жалғастырып, біз де темір жолға үлесімді қосамын деп сенемін.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Сыр өңірі тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан мыңдаған сырбойылық экономиканың күре тамыры саналатын алып мекемеде тер төгіп жүр. Жауапкершілік пен кәсібіне деген сүйіспеншілік сынды қасиеттерді бойына біріктіре білген жандардың арқасында темір жол саласы өркендеп келеді. Ғасырдан астам тарихы бар вокзал қайта жаңғыртылды. Жуырда ғана Қызылордадан Семейге қатынайтын құрамға заманауи вагондар алынды. Ендігі кезекте Қызылорда-Көкшетау пойызын жаңарту міндеті тұр.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев