«Сарышаған» полигонында міндетті әскери жиын басталды

Қарағанды облысындағы «Сарышаған» оқу-жаттығу полигонында әскери міндеттілердің жиыны басталды.

700 азамат бір ай ішінде артиллериялық бөлімшелерде әскери техниканың бірнеше түрін қолдана отырып қайта дайындықтан өтеді. Жиынның басты мақсаты – қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын арттырып, әскери резервті дайындау және тапшы әскери мамандықтарға оқыту. Оқу-жаттығу кезінде азаматтардың жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталып, орташа жалақы беріледі. Ал жұмыссыздарға, мемлекет есебінен ең төменгі айлық төленеді.

Әлішер Иманбеков, әскери міндетті:

- Әскери жиынға келу себебім, әскери борышымды өтеген азаматпын. Бірақ соны еске түсіру, әскери дайындықтың бәрін еске түсіріп, еліміздің тыныш болуы, берік болуын сақтау мақсатында келіп отырмын. Жиын өте жоғары деңгейде өтті. Еліміздің Президенті Тоқаев мырза әскери адамдарға көптеген мүмкіндіктер жасап отыр. Жағдайларымыз өте жақсы. Әскери киім, тамақтану, жататын жерлеріміз барлығы жоғары деңгейде.