Қосшыға қала мәртебесінің берілгеніне үш жыл толды

Қосшы қаласына биыл 3 жыл толды. Мерейтойға орай елді мекенде эстрада жұлдыздарының қатысуымен ашық аспан астында концерт өтті.

Шаһар тұрғындары мен қонақтары сүйікті әндерін тыңдап, өнерпаздармен қосыла шырқады.

Open Air концертіне жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Тұрғындар мерекенің жоғары дейгейде ұйымдастырылғанын айтып, ризашылықтарын білдірді. Ыбырай Қазанғапов мұнда 25 жыл бұрын көшіп келген. Әуелде 2,5 мың ғана тұрғыны бар болған Қосшы бүгінде күн санап гүлденіп келеді, - дейді қария.

Ыбырай Қазанғапов, қала тұрғыны:

- Мерекелік көңіл-күй қаланың күннен күнге осылай жайнап келе жатқанына халықтың сондай көңілін көтеріп. Жан-жақтан көшіп келушілер тоқтаусыз. Астанадан да көп көшіп келіп жатыр ғой деймін. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Зүлфия Сыздықова Қосшыда 2014 жылдан бері тұрады. Қала күнін атап өтудің маңызы зор. Атаулы күнді бекіту шаһардың ажарлануына өз үлесін қосады, - дейді қала тұрғыны.

Зүлфия Сыздықова, қала тұрғыны:

- Өте керемет. Бұл тарихта қалатын күн деп ойлаймын. Өйткені қала күні бірінші рет тойланып жатыр. Құтты болсын! Қосшы халқына бейбітшілік тілеймін. Балаларымыз аман болсын. Болашағымыз күшті болсын.

Қосшы қала мәртебесін алғалы елдімекенде бірқатар әлеуметтік мәселелер қолға алынды. 3 жыл ішінде 1500 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді. Тұрғындарға мемлекеттік емхана ашылды. Күрес, футбол, волейбол, баскетбол сынды спорт секцияларын қамтитын дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылды. Мұнда балалар мен ересектерге арналған бассейн бар. Жүз шақырымнан астам жол жөндеудеуден өтті. Шаһарда су мәселесі де шешім тапты.

Берген Жұмкейұлы, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары:

- Бұрын Лесная поляна мөлтек ауданында 4-5 этаждарға судың давлениясы жетпейтін. Қазір ол шешілді деп айтуға болады. Тұрғындар саны қала статус алған кезде  50 мың болатын. Қазір 60 мыңнан асты. Бірақ мына телефон абонент дейміз ғой, сонымен қараған кезде 1 кеште Қосшы қаласында 110 мың абонент.

Шаһарда қала күні қарсаңында кәсіпқой бокстан «Солтүстік» дивизионының іріктеу жарысы өтті. Байрақты бәсекеде солтүстік өңірден келген жасөспірімдер жұдырықтасты. Ал «Лесная поляна» шағын ауданындағы аллеяда «Қосшы – дарынды жастар қаласы» тақырыбында жас суретшілер көрмесі ұйымдастырылды. Шарада қылқалам шеберлерінің туындылары көрермен назарына ұсынылды. Қосшы өз алдына дербес шаһарға айналғалы жаңа бағытта дами бастады. Қалаға инвесторлар келіп, кәсіпорындар ашылды. 3 жыл бұрын қала бюджеті 90 млн теңге болса, қазір 2,5 млрд жетті.

Дильназ Тұрғазыева, Серік Қоңырбаев