«Ауыл аманаты»: Ақтөбе облысында 2000-нан аса жоба іске асты

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2145 жоба жүзеге асты, деп хабарлайды 24kz.

Ауылдағы кәсіпкерлер 11 млрд теңге қаржылай қолдау тапқан. Бұл шалғай елді мекендерде шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасап отыр. Мәселен, тек Қобда ауданының өзінде биыл жаңадан 56 кәсіпкерлік нысан ашылған.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Бала күнінен қолөнерге жақын өскен Гүлбақыт Сатпағамбетова бірнеше жыл тігін цехінде еңбек еткен. «Жеке кәсіп ашу» арманын жүзеге асыруға қаражат тапшылығы қолбайлау болды, дейді. Көп жағдайда қаржы институттары ауылдағы ағайынның мүлкін кепілдікке алмайды. Бұл мәселені «Ауыл аманаты» бағдарламасы түбегейлі шешкен.

Гүлбақыт Сатпағамбетова, кәсіпкер:

- Қаңтардан бастап тапсырдым қайтадан документтерімді, бизнес-планымды апарып. Ешқандай қиындық болған жоқ. Жергілікті әкімдікке бардым. Апайлар, қыздар көрсетті барлығын. Бір он күндей қарастырылды. Содан хабарын берді, одобрение берілді сізге деп. Алғаннан кейін бір жыл демаламын. Бір жылдан кейін бастаймын төлемді.

Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға 4 млн 400 мың теңге несие рәсімдеді. Бірнеше тігін машинкасын алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Болашақта қыздарын да отбасылық бизнеске баулуды көздейді. Себебі ауылда сұраныс жоғары.

Гүлбақыт Сатпағамбетова, кәсіпкер:

- Толық рестоврацияға келіп тұр. Погоны, шеврондары, мына полоскалар жағасындағы жеңіндегі. Осының барлығын көк түске, мынадай аспан көк түске ауыстырылып жатыр. Соған алып келді.

Қобдада сұлулық салонын ашқан Гүлзат Көрпешева да «Ауыл аманаты» жобасынан қолдау тапқан. Көпбалалы ана аудан нарығын біраз зерттеген соң ғана қызметтің бұл түрін игеруді жөн көріпті.

Гүлзат Көрпешева, кәсіпкер:

- Сұраныс өте жақсы. Бізде қыз-келіншектер бояну, кірпік жабыстыруға Ақтөбе қаласына баратын. Енді қазір көбі қуанып, рахмет айтып, қуанып жатыр осындай ашылғанына.

Жалпы Қобда ауданында жыл басынан бері 76 адам «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, құжат тапсырған. Арнайы комиссия 56 жобаны қолдап, 300 млн теңге қаржы бөлді. Мамандар шағын және орта бизнестің ішінде өндіріс саласын игеруге кеңес береді. Ауылдағы ағайын аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуы тиіс.

Ақгүл Әкімжанова, «Ақтөбе» ӘКК департамент директоры:

- Күнделікті енді ауылда тұратын адам құрт та жасай алады, айран да жасай алады. Соны толық өндіріске айналдыруы керек. Оны кемпингтерге, кафелерге кішкентай базарларға, «Табыс» базарына орын беріп сатуға біз көмектесеміз.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға Ақтөбе облысына 15 млрд теңге қаржы бөлінді. Екі жылға жуық уақыт ішінде құны 11 млрд теңге болатын 2145 жоба қолдау тапты. Жыл соңына дейін тағы 4 млрд теңгені пайдаға жарату көзделген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов