Жошы хан кесенесіне апаратын жол салынады

Биыл Жезқазған мен Жошы хан тарихи-мәдени кешенін байланыстыратын жолдың біраз бөлігі ашылады.

Ауқымды жоба 2 жыл бұрын басталған еді. Ол үшін республикалық бюджеттен жалпы 10 миллиард 200 миллион теңге бағытталған. Қазір Қаракеңгір өзенінің үстінен өтетін автокөлік көпірі салынып жатыр. Су өткізгіш құбырлары қойылып, асфальт төселе бастады. Ұзындығы 20 шақырым болатын жол келесі жылы қолданысқа беріледі. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Түсіпов мәлімдеді.

Ерлан Түсіпов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- 10,5 шақырым асфальт-бетон салынды. Қазір мердігерлер үлкен көпірді істеп жатыр. Оның ұзындығы 166 метр болған соң үлкен көпір болып саналады бізде. Осы жолды келесі жылы аяқтаймыз деп отырмыз.