Ақмола облысында жүк көліктер жолды бүлдіріп жатыр
Ақмола облысында ауыр жүк көліктері жолдарды бүлдіріп жатыр.
Мысалы, Зеренді аудынында жақында ғана жөнделген облыстық маңызы бар автожол бұзылды. Мәселеге қоғам белсенділері назар аударды. Мамандар жүкті шамадан тыс толтырып тиеп алатын ауыр көліктер жолдар сапасына әсер деген пікірде.
Красный Яр ауылынан «Көкшетау-Петропавловск» республикалық трассасына дейінгі отыз шақырымдық жол былтыр ғана жөнделген. Жөндеуге бюджеттен миллиондаған қаражат жұмсалды. Қазір жолдың жай-күйі көңіл көңшітпейді. Жол жарықтар мен шұңқырларға толы. Бұны Самира Тәйтенова бастаған қоғам белсенділері тілге тиек етті.
Самира Тәйтенова, қоғам белсендісі:
- Бір-ақ жыл өтсе де жолдың басым бөлігі қирап жатыр. Мұның себебі шектен тыс жүктемесі бар ауыр жүк көліктерінің қозғалысы. Біздің ұсынысымыз – автожолдарда арнайы таразылар орнату. Өйткені көліктік бақылау инспекциясының жұмысында олқылықтар бар, яғни ауыр жүк көліктері еш қадағалаусыз жолдарда жүре береді.
Ауыр жүк көліктері жергілікті кен орындарынан құрылыс материалдарын, қиыршық-тас және құмды тасымалдайды. Соның салдарынан жол бұзылып, көптеген ақаулар пайда болды, дейді жол инженерлері. Алдағы уақытта мұнда жүк көліктерінің жүру қарқындылығы есепке алынады, дейді жол активтерінің ұлттық сапа орталығы филиалының бөлім бастығы Игорь Стефан.
Игорь Стефан, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Көптеген жарықтарды, шұңқырларды және жол жамылғысының деформациясын анықтадық. Ауыр жүк көлігінің қарқынды қозғалысы нәтижесінде жол тозып жатқаны айдан анық. Жалпы, бұндай жағдайлар бюджетке де шығын келтіреді, яғни ақша бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ кейін жол тез уақытта қирайды.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жол қайта жөндеуді қажет етеді. Былтыр жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер ұйым ақауларды жойып, жол төсемін жаңартты. Бірақ шұңқырлар мен жарықтар бәрібір қайта пайда болады, дейді автожолдар басқармасының бөлім басшысы Жұмабек Хайролла.
Жұмабек Хайролла, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Кепілдік міндеттемелері шеңберінде мердігер ұйым ақауларды жоюға міндетті. Бірақ, ауыр жүк көлігінің қарқынды қозғалысынан мердігерлерге жолды қалпына келтіруге қиындап барады. Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Целиноград аудандарында да осындай ауыр жүктерінің қозғалысы жолдардың жағдайына кері әсерін тигізіп жатыр. Жалпы облыс бойынша бұл ең өзекті проблемалардың бірі.
Биыл шамадан тыс жүк тиеген 42 көліктің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға бір миллион төрт жүз мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бірақ маман тапшылығы және жылжымалы бекеттердің жетіспеушілігінен жауапты инспекция өңір аумағын толық бақылай алмай отыр.
Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев