Қазақстан қуат тапшылығына тап болуы мүмкін
Қазақстан жақында энергия тапшылығына тап болуы мүмкін.
Мамандардың есебінше, алты жылдан соң еліміздегі жетіспеушілік 13,5 млрд кВт сағатына дейін өседі. Қазір бұны болдырмау үшін бірнеше бағытта жұмыс жүріп жатыр. мәселен, жылу электр станцияларының құрылысы басталды. Бұл шара тапшылықты жоя ма?
Қазір елімізде баламалы қуат көздерін пайдалануға ден қойған. Бірақ көмірден бас тарта алмаймыз. Себебі елімізде электр энергиясының 80 пайыздан астамы осы отыннан өндіріледі. Қалған жеті пайызы газдан, сегіз пайызы су көздерінен алынады. Ал атом электр станцияларының құрылысы бойынша шешім әлі қабылданған жоқ.
Алмаз Әбілдаев, энергетикалық қауіпсіздік сарапшысы:
- Көмірден бас тартпауымыз керек. Бастысы зиянды шығарындыларын азайта алсақ болды. Қазір Қытай мен Оңтүстік Африка Республикасында аз отынмен көп жылу шығара алатын заманауи станциялар салынып жатыр. Сондай-ақ экологиялық талаптарға сай қоқыс өртеу зауыттарын да салуға болады. Бұл қалдығы көп, энергия тапшы оңтүстік өңірлер үшін өте тиімді.
Қазір үкімет тапшылықты жылу станцияларын іске қосу арқылы жоюға тырысып жатыр. Үш жаңа нысанды Ресейлік мамандар салмақ. Жоспар бойынша құрылыс 2027 жылға дейін аяқталуы керек.
Жақып Хайрушев, энергетик, «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры:
- Бұл халықаралық қаржы институттарының қаражаты болғанына қарамастан бізге қазақстандық тауар өндірушілерді де жұмысқа тарту керек. Бүгінде отандық энергомашинажасау саласы жақсы деңгейде. Әрине барлық жабдықты дайындай алмайтын шығар. Бірақ қазіргі мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Ал қазақстандықтар бұл жобаның арқасында жаңа өнімдер жасауды үйренуге тиіс. Себебі, көп ұзамай тағы да жылу станциялары салынады. Немесе басқа электр станциялары қайта жабдықталуы мүмкін. Сол кезде қажеттілікті отандық өндіріс қамтамасыз ететін болады.
Ал сала ардагерлері тапшылық қолдан жасалып отырғанын айтады. Қолда бар ресурстар сауатты пайдаланылса сұранысты толық қанағаттандыруға болады дейді Миржан Асрепов.
Миржан Асрепов, ардагер энергетик:
- Қазақстанда маневрлі электростанциялар жетіспейді. Яғни олар керек кезде өз жүктемесін көбейтіп не азайта алатын кәсіпорындар. Сондықтан шағын және ірі гидро электр станцияларының көптеп салу керек. Бұл нысандарды Ертіс, Сырдария мен Іле өзендерінің бойында орналастыруға болады. Сонымен қатар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры бойында газ электр станцияларының құрылысын да қолға алуымыз керек. Сонда Ресейден қымбатқа энергия сатып алмаймыз.
Қазақстандағы электростанциялардың жобалық қуаты 20,4 ГВт, ал қолданыстағы қуаты 15,4 ГВт. Бұл жыл басындағы көрсеткіш. Ал тозған жабдықтардың үлесі 56%. Ел бойынша барлығы 220 электр станциясы жұмыс істеп тұр. Оның 144-і баламалы қуат көздерін қолданады.
Серік Селеубайұлы
Қазақстандағы электр қуаты
жобалық қуат – 20,4 гвт
қолданыстағы қуат – 15,4 гвт
ескіру деңгейі – 56%
электр станциялар саны – 220
баламалы қуат көзі – 144