Атыраулық егіншілер ₸95 млн шығынға батты

Атырау облысы Жылыой ауданындағы диқандар 95 млн теңге шығынға батты, деп хабарлайды 24kz.

Көктемгі тасқын бау-бақшаны басып, салынған дәнді шайып кеткен. Дегенмен, жер кепкеннен кейін егіншілер қайта іске кірісіп, 135 гектар жерге дән екті.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл – жылыойлық шаруа Ізімғали Қарабалиевтің бау-бақша егетін алқабы. Көктемде арнасынан асып аққан Жем өзені жағада тұрған мына жылыжайларды басып қалған. салдарынан 30 млн теңге шығын келді, дейді шаруа.

Ізімғали Қарабалиев 30 жылдан бері Жылыой ауданының тұрғындарын табиғи өніммен қамтып келеді. Биылғы тасқын жағдайды қиындатты. 30 гектар жерге ерте салынған бау-бақша суда қалды.

Ізімғали Қарабалиев, егінші:

- Судың тасқынына байланысты жай қалып қойып жатырмыз. Алдында 30 гектар жерге ерте салып, ол енді судың астында қалып қойды. Сосын жеріміз кеуіп болмады. Әр жерге бөліп-бөліп 35 гектар жерді қайтадан ашық жерге салып, халықтың ерніне бірдеңе тигізейік деп талаптанып жатырмыз. Маусымның орталарында қауын-қарбызымызды ептеп, жайлап сатып бастайтын едік. Биыл бүкіл елге белгілі ғой, су тасқынының зардабынан жай қалып қойып тұрмыз.

Жалпы Жылыой ауданында 245 гектардай егістік алқап бар. Биыл соның 100 гектардан астамы су астында қалған. Қазір 135 гектар жерге дән себіліп, шаруалар жұмысын қайта бастады.

Нұртас Қуатбаев, Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Ережеге сәйкес 4 шаруашылықтың егіндері барып, тексеріліп, акттеліп, хаттамалар жасалды. Соның шығындары дайын. Комиссия мүшелерімен акт жасалып, ауданға тапсырылды. Бүгінгі күні қаражат мәселесіне байланысты әлі төленген жоқ.

Тасқынның салдарынан жылыойлық егіншілер 95 млн теңге шығынға батқан. Ал, сала мамандары қаражат бөлінгеннен кейін шаруалардың шығыны толық өтеледі деп сендіріп отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин