Түркістан облысында егін бітік шықты
Түркістан облысының Төлеби ауданында егін орағы басталды, деп хабарлайды 24kz.
Биыл ауданда 22 мың гектардан астам аумаққа астық дақылдары егілген.
Қазіргі таңда шаруалар әр гектардан 22 центнерден өнім алынып жатыр. «Биыл жаз жаңбырлы болып, орақ науқанына кедіргі келтіргенімен, егін бітік шықты», - дейді диқандар.
Төлеби – өңірдегі таулы, ауа райы қолайсыз ауданға жатады. Мұнда сәуір айының соңына дейін жерге шық түсіп, жаз ортасына дейін жауын жауады. Бірақ соған қарамастан аудан шаруалары жердің бабын тауып, егін егіп отыр. Басқа аудандарға қарағанда астықты кеш орғанымен, шаруалар биыл өнімділік жақсы екенін айтады.
Уалихан Ештаев, кооператив басшысы:
- Күзде жерді уақытылы айдап, бірнеше рет өңдеп, содан кейін ғана барып жерге дән септік. Жазға қарай жаңбыр көп болып, жел ұйытқып соғып тұрды. Соның өзінде сабағы мықты, «Стекловидный» сортын еккендіктен, сол өзінің шыдамдылығының, сабағының мықтылығының арқасында өнім жоғары болайын деп тұр. Көріп тұрсыздар, егіс алқабынан мол астық берілетінін көрсетіп тұр.
Биыл ауданда 15 мың гектарға бидай, 7250 гектар аумаққа арпа дәні себілген. Қазіргі таңда бидайдың 2 мың гектары орылып, 5000 тоннаға жуық өнім жиналды. Сонымен қатар 4500 тонна арпа қамбаға құйылды. Піскен астықты жауынға ұрындырмай жинап алу үшін егіс алқаптарына 500-ге жуық техника жұмылдырылған. Мамандар биыл астықтан сол өнім аламыз деп отыр.
Төлеген Телғараев, аудан әкімі:
- Өткен жылы бізде 43 мың тона астық жиналған болса, биыл 50 мың тонна жинаймыз деп жоспарлап отырмыз. Соның 35 мың тоннасы бидай болатын болса, 15 мың тоннасы арпа болады. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, өнімді көбірек, молынан алуға тырысып жатырмыз. Басты мақсат – қазіргі астықты шашпай-төкпей қамбаларға жинап алу болып тұр.
Жалпы биыл Түркістан облысында 282 мың гектарға масақты дақылдар егілді. Оның ішінде 199 мың гектары бидай болса, 58 мың гектары арпа. Бүгінге дейін соның 230 мың гектары орылып, 570 мың тоннаға жуық астық жиналды. Қазір өңірдегі барлық ауданда егін ору науқаны қызу жүріп жатыр.
Ақтөре Түймебек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Жалпы биылғы жылы 716 мың тонна өнім өндіру жоспарлануда. Оның ішінде 577 мың тоннасы бидай, 147 мың тоннасы арпа өнімдері. Өткен жылы масақты дақылдар орта есеппен гектарына 17 центнерден өнім жиналса, биылғы жылы 25 центнерден алу жоспарлануда.
Биыл өңір шаруаларының көңілі тоқ. Егін бітік шығып, қамбалар дәнге толды. Оның үстіне мемлекеттің қолдауы тағы бар. Көктемгі дала жұмыстарына 30 мың тонна, ал жазғы жиын-терімге 23 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов