Қызылордада жапырақ кеміргіш қоңыздар жасыл желекті жалмап барады

Қызылордада жапырақ қоңыздары қарағаштарды жаппай кеміріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Онсыз да табиғаты қатал өңірде тал-терек өсіру оңай емес. Бірақ жасыл-желек атаулыны жалмап бара жатқан зиянкестерді қалай жоюға болады? Қала билігі қандай амал қолданбақ.

50 градус ыстыққа шыдамды қарағаштардың жапырағы солғын тартып, ерте түсіп жатыр. Кеміргіш қанатты қоңыздар лек-легімен қонған талдар қазірдің өзінде сарғайып кеткен. «Аптап ыстықта көлеңке іздеп сая таппаған тұрғындар зиянкестермен күресті күшейту керек», - дейді.

Жұмакүл Махмұтова, қала тұрғыны:

- Мына талдар өлетін болды. Жапырақтарының бәрі сарғайып, құрт жеп, неше түрлі зиянкестер шек-шек, талдың құрты да бар. Жапырақтар көлеңке бермейтін жағдайға келіп түсіп жатыр. Ешқандай дәрілеу жүрмейді.

Бейбіткүл Басанова, қала тұрғыны:

- Құрттап кеткен үйлердің бәрі. Кіреберіске құрт кіріп жатыр. Осының бәрі санитарлық органдардан келіп тазалайды ма? Сондай істеу керек шығар енді. Басқа ешқандай айта алмаймын, отыруға мүмкіндік жоқ. Талдардың бәрін қырқу керек, өткенде біраз тал құлады.

Талды сілкісең, бұршақша жауатын қоңыздардың адамға зияны жоқ. Дегенмен тұзды топыраққа әрең өсірген ағаштарды жапырақсыз қалдырып жатқаны рас. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов: «Шегіртке мен кене секілді құрт-қоңызға қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керек», - дейді.

Самалбек Қосанов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

- Өңірде химиялық дәрілер уақытылы себілмегендіктен, осындай қиын жағдай  орын алып тұр. Бұл аса қорқатын үлкен шаруа емес. Бұны тез орнына келтіруге болады. Бірінші кезекте ерте көктемнен бастап залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін болса, бұл ешқандай қауіп тудыратын нәрсе емес. Бұдан құтылу жолы бар.

Соңғы 3 жылда Қызылордада егілген 100 мыңға жуық көшеттің жартысынан көбі қурап қалған. Шөлейтті өлкенің тұзды топырағына шыбық қадап, шынар шығару оңай іс емес. Сондықтан жергілікті билік биоортаны оңалту үшін орман зерттеу және өсімдіктану институты мамандарын шақырып отыр. Ғалымдар тобы топырақ құнарлылығын арттырып, зиянкестермен күресу тәсілдерін коммуналдық мекеме жұмысшыларына үйретеді.

Серік Қожаниязов, қала әкімі:

- Оны күтпей біз жылда 15-18 млн теңге шамасында қала бюджетінен ақша бөлеміз. Соған мамандандырылған мекемелер қатысып, күнделікті қаланың ішінде өңдеу жасайды. Бірінші кезекте қурап, ауырып тұрған талдар белгілі ғой мамандарға сол жерлерді дәрілейміз. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Орманда патологиялық зерттеу жасаймыз. Соған қарап, әрі қарай жұмыстар жасаймыз.

Келешекте қала ішіне тораңғыл, айлант, акация, жиде мен үйеңкі секілді қолайсыз климатқа төзімді ағаш түрлері егілмекші. Өйткені тұзды топырақ пен түрлі зиянкес атаулы әсемдік үшін егілетін қылқанжапырақты өсімдіктердің өсіп-өнуіне мұрша берер емес.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев