ҚР ІІМ: Республикалық жолдардың 3%-і ғана қауіпсіздік талаптарына сай
Елдегі республикалық жолдардың 3%-і ғана қауіпсіздік талаптарына сай, деп хабарлайды 24kz.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді. Құзырлы ведомство басшысы осы ретте халықаралық тәжірибені сөзіне қосып, мынадай дәйек келтірді. Оның айтуынша, инфрақұрылымның дұрыс тартылмауы апаттық жағдайға жиі әкеп соғады. Ал олқылығы бар жолдар жөнделісімен, адам шығыны бірнеше есе азаяды. Үкімет отырысында тағы не айтылды?
Тікелей байланысқа шыққан арна тілшісі Айнұр Қуатқызы баяндап беруге әзір.
Диктор:
- Айнұр, қайырлы күн! Жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында үкімет қандай шараларды қолға алып жатыр?
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Бүгін Үкімет отырысында бірқатар мәселе қаралды. Оның бірі – жол қауіпсіздігі. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, қала сыртындағы жолдардың қауіпсіздігі мәз емес. Ауыр жол апаттары да осы күре жолдарда болып жатыр. Жалпы елімізде жол апаттарының саны азаймай тұр. Ағымдағы жылдың 6 айында 1000-ға жуық адам тас жолда қаза тапқан. Көпшілігі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. Сонымен қатар адамдар негізінен жүргіншілер жолының, жарық пен тротуардың болмауынан апатқа ұшыраған.