Су тасқыны: Ақтөбе облысында 505 үй салынып жатыр
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 446 отбасы қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды 24kz.
Олар үшін нарықтан дайын үйлер сатып алынған. Енді алдағы күндері тағы 69 жанұяны баспанамен қамту көзделіп отыр. Бұдан өзге, қарғын судан залал келген алты ауданда құрылыс қарқын алған. Жоспар бойынша 505 үй салынады. Оның басым бөлігі Ойыл ауданында бой көтереді. Тек Қаратал ауылында жарамсыз күйге түскен 131 баспананың орнына жаңасы тұрғызылып жатыр. Үйлерден өзге қазір өңірде тасқыннан зиян шеккен әлеуметтік нысандарға да көңіл бөлінді. Оларды қайта іске қосу үшін тиісті жұмыстар қолға алынған.
Гүлбағда Көбеева, Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Ақтөбе облысында 18 әлеуметтік нысанды су басып қалды. Соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт нысандары бар. Бүгінгі таңда сол нысандарды қалпына келтіру үшін бюджеттен 7, 9 млрд теңге қаржы бөлінді. Яғни, бізде жаңа 7 нысан салынады, одан қалды 8 нысанды күрделі жөндейміз және 3 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізіледі.