Жол сапасы ең нашар өңірлер аталды
Қазақстандағы жолдары ең нашар өңірлер белгілі болды.
Көлік министрлігінің дерегінше, әсіресе Батыс Қазақстан облысындағы ахуал өте нашар. Мұндағы жолдардың 52% ғана нормаға сай. Одан кейін 75% көрсеткішпен Ақтөбе және 76%-пен Атырау облыстары тұр. Жолдарының 98%-і жақсы деп танылған Жамбыл облысы көш басында. Одан кейінгі орында 97% көрсеткішпен Маңғыстау облысы тұр. Үздіктер қатарында Павлодар және Қарағанды облыстары да бар. Бұл өңірлерде жолдың 94% нормаға сай.
Қазір жауапты министрлік жағдайды жақсарту үшін бірнеше облыста жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Дегенмен ол биыл аяқталмайды. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, 6 жоба созылып кеткен. Бұл қатарда «Талдықорған-Өскемен», «Қарағанды-Алматы», «Мерке-Бурылбайтал», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Атырау-Астрахань» мен «Қазталов-Жәнібек» тас жолдары бар.