Құлсарыда тасқыннан зардап шеккен үйлерді бағалау жұмысы аяқталды
Қазір 2650 үйдің иесі әкімдікпен келісімшартқа отырған, деп хабарлайды 24KZ.
Тұрғындардың басым бөлігі тиісті өтемақысын алды. Сондай-ақ баспанасы суға кеткен тұрғындар үшін салынып жатқан 100 үйдің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр.
Тасқын кезінде үйі суда қалған тұрғынның бірі – Айгүл Жолториева. Мемлекет қолдауының арқасында жуырда жаңа қонысына көшті. Бұрынғы үйі суда ұзақ тұрып қалғаннан кейін пайдаға аспаған.
Айгүл Жолтуриева, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Әуелі ағаштан салып алып тұрдым. Одан жаңағы Іле ауданынан ағаш үй келді. Соған тұрдық. Осы маусымның басында келіп кіріп отырмын осы үйге. Қазір жайлап жайғасып жатырмыз.
Бағалау комиссиясының қорытындысына сәйкес 1500-ге жуық тұрғын үй жарамсыз деп танылған. Олар қараша айына дейін сүрілуі керек. Бірақ жұмысшы тапшылығынан қызмет бағасы көтерілген. Енді тұрғындар жағдайдың қалыпқа келуін күтіп отыр.
Райхан Сүйеуова, Құлсары қаласының тұрғыны:
- 200 шаршы метр шамасында 210 мыңмен есептеп берді. Бұл енді үйді бұзуға да, қайтадан жаңасын салуға жетеді деп ойлаймын. Бәрі қымбаттады, адамның қол жұмысы бәрі қымбаттап жатыр. Ақшамыз жетпей қала ма деп қорқамыз, бірақ үнемдеп-үнемдеп, жеке дербес шотқа салып қойып отырмыз, уақытымызды күтіп.
Моноқалада үйін су басқан 2650 тұрғынға 72 млрд теңгеге жуық өтемақы төленген. Мыңнан астам құлсарылық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Болашақта тасқынның алдын алу мақсатында арнайы мамандар қазір жұмыс істеп жатыр», – дейді аудан әкімі.
Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:
- Қазір бізде Қазгидроводхоз ғылыми институты жұмыс істеп жатыр. Бұл Жем өзенінің басталатын тұсынан Каспийден аяқталатын жеріне дейін ғылыми зерделеу жұмысы жүріп жатыр. Бізге Құрсай өзегі мен Жем өзенінің қай жерінің жаптарын көтеруге болады, қай жерлерін тереңдетеміз, сол жұмыстардың бастапқы нәтижелерін беріп жатыр. Біз осы жұмыстарды дереу бастауымыз керек.
Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан 100 үйдің іргетасы құйылып, қабырғасы қаланған. Шатыры да жабылып жатыр. Ауданы 100 шаршы метр болатын 4 бөлмелі тұрғын үйге барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Қазір 8 мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр. Жауаптылар үйлерді 1 қыркүйекке дейін тапсырамыз деп отыр.
Нұрберген Құсайынов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- 100 үйдің құрылысы бойынша 80 үйдің қазіргі таңда құрылысын қаржыландырып отырған «Қазақстан халқына» қоры. Қалған 20 үйдің құрылысына облыстық жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, толыққанды осы 100 үйдің құрылысы бірдей жүріп жатыр. Жалпы мердігер мекемелердің қажетті материалдары толыққанды жеткілікті.
Осы ықшамауданнан 2000 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ балабақша да бой көтереді. Оның жобасы қазір жасақталып жатыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов.