Қызылордада атом электр станциясын салу мәселесі талқыланды
Қызылордада атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Кеңесте байытылған уран арқылы энергия өндірудің артықшылықтары және қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына әсер ету деңгейі айтылды. Талқылау барысында қоғам белсенділері бірінші кезекте атом электр станциясының қауіпсіздігіне, жобаны қаржыландыру және қажетті кадрлар даярлауға қатысты мәселелерді көтерді. Бүгінгі таңда әлемнің 18 елі 57 гигаватт электр қуатын өндіріп отыр. Энергияға деген қажеттілік Қазақстанда да өзекті. Сондықтан жаңа қуат көзі елімізге әбден қажет деген тұжырым айтылды. Ғалымдар тобы энергетикалық жоба отандық ғылыми-техникалық прогреске серпін беретінін алға тартып, 3-ші буынды заманауи реакторлар жұмысын көп ұзатпай іске қосу жоспарын ұсынды.
Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының бас директоры:
- Ғалым ретінде айтатыным келесі: атом бомбасын жасау үшін уран 235-ті 95% байыту қажет. Ал атом электр станциясы үшін 4,5% жеткілікті. Сондықтан ешқандай атом электр станциясы атом бомбасы сияқты жарылмайды. Қазақстандықтар: «тұщы суымыз Балқаш көлін кептіріп жібереді», – деп ойлап жатыр ғой. Жоқ, ондай емес. Қазіргі технологияларға қатысты айтсақ, кәдімгі автомобильде радиатор бар ғой. Соның ішіндегі бірде-бір тамшы далаға кетіп жатқан жоқ. Бітеу контур. Тура сол сияқты Балқаштың суы пайдаланылмайтыны анық.
Гүлмира Мұрсалова, ҚР Энергетика министрлігі Атом және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары:
- Экологиялық, гидрологиялық, геология жағынан арнайы зерттеулер өткізді. Ол зерттеулердің қорытындысын алдыңғы жылы халықаралық атом агенттігі МАГАТЭ миссиясы қорытындысы бойынша біздің ұсынып жатқан аудан атом элект станциясын салуға келеді. Әрине, референдумның оң нәтижесі болған жағдайда шешім қабылданса, бұдан әрі зерттеулер өткізілетін болады.