Құтқарушылар жұмысында дрон қолдана бастады
Енді суға батқан адамдардың мәйітін іздеуде құтқарушыларға арнайы дрондар көмектесетін болады.
Бұл құрылғылар төтенше жағдайлар министрлігіне жақында ғана алынды. Мамандардың сөзінше ол сүңгуірлердің жұмысын әлдеқайда жеңілдетуі тиіс. Себебі елдегі су-тоғандардың түбі лай болғандықтан онда іздестіру шараларын жүргізу өте қиын. Ал бұл қондырғыларға арнайы жарық шамдары мен тиісті датчиктер орнатылған.
Сэлфи жасаудың арты қайғыға ұласты. Түркістан облысында 16 жастағы қыз бала Сайрам-су өзенінің жағасында суретке түспек болған кезде аяғы тайып, суға құлаған. Бұл оқиға шілденің 28-і күні болған. Қазір жас жеткіншекті іздестіруге барлығы 110-нан астам маман жұмылдырылған.
Риат Шони, тілші:
- Жаз басталғанда құтқарушылардың да жұмысы өте қауырт болады. Себебі мектеп оқушылары демалысқа шығады және көптеген ата-аналар еңбек демалысында жүреді. Яғни, барлығы да осылай суға шомылып, табиғат аясында дем алғанды қалайды. Ал оның арты соқпақты болып жатады. Көптеген балалар ата-аналардың салғырттығынан суға кетіп жатады. Сол себепті құтқарушылар осындай рейдтік шаралар ұйымдастырып, катерлермен Есілдің жағасын кесіп жүреді.
Негізі құтқарушыларға заң бұзғандарға айыппұл салып, жазалау құзыреттілігі берілмеген. Сондықтан мамандар тек ескерту жасап, түсіндіру жүргізумен ғана шектеліп жатады.
- Уважаемые граждане, купание здесь запрещено.
Өзгенің өмірі үшін алаңдап жүрген құтқарушылардың ескертулерін елеп жатқан жұрт шамалы. Мәселен, мына жерде шомылуға тыйым салынғанына қарамастан мектеп оқушылары бір-бірімен жарысып, секіріп жүр.
Үміт Олжабаева, Астана қаласы ТЖД инспекторы:
- Біз күнделікті кезекшілік атқарамыз. Осы жерде күнде халық жиналады. Балалар бізді тыңдамайды. Патрульдік полиция да келіп, құр қолдарын былғап кетеді. Өйткені мектеп оқушыларымен ювеналды полиция қызметкерлері жұмыс жасауы тиіс. Олардан басқа ешкімнің құқығы жоқ. Өздеріңіз көріп тұрғандай бұл жерде мені елеп жатқан ешкім жоқ.
Негізі айта кету керек, биыл республика көлемінде балалардың суға кету дерегі 20 пайызға артқан. Шомылу маусымы басталғалы 35 бала судан ажал құшқан.
Жігер Темірәліұлы, Астана қаласы ТЖД жедел құтқару жасағының сүңгуір-құтқарушысы:
- Шақыртулар көп. Кішкентай балалар, үлкен балалар. Тыйым салынған жерлерде түскендерге бардық. Енді шақыртулар көп болды. Барлығын еске алғым келмейді. Өйткені адамдардың өмірі біз үшін бағалы. Денсаулықтары мықты болып, өмір сүрсе екен дейміз.
- Эмоционалдық жағынан қиын болды. Себебі 2 кішкентай бала суға кетіп қалды.
-Жалғызбасты ана екен. Өзінің ұлын 9 жыл асырап, туған. Сол ананың көз жасын көріп, өзім жыламасам да жүрегіп жылады.
Сүңгуірлердің сөзінше өзен-көлге батқан адамның мәйітін іздеп табу өте қиын. Себебі, су түбінде лай-батпақ, балдыр көп болады. Оның үстіне ластанған жерде түк көрінбейді. Сондықтан қазір құтқарушылар су астында іздестіру шараларын жеңілдететін арнайы дрондарды сатып ала бастаған.
Арсений Повожаев, өндіруші компания өкілі:
- Құтқарушылардың сөзінше бұл дрондар су астында сүңгуірге қарағанда жақсы көреді. Себебі, бұл қондырғының сезімталдылығын кез келген жағдайға реттеуге болады. Соның арқасында су түбіндегі түрлі заттарды анық көру мүмкіндігі бар. Әзірге құтқарушылар тарапынан ешқандай шағымдар түспеді. Демек, жұмыста өзін жақсы қырынан көрсетіп жатыр.
Айта кету керек, былтыр ел бойынша құтқарушылар осындай 10 дронды сатып алған. Қондырғыны өндіруші компания қазір барлық жасақпен байланыста отыр. Яғни жұмыс істеу тәртібін түсіндіріп, ақаулары пайда болса оны ретке келтірумен айналысуда.
Риат Шони