Солтүстікке биыл мың адам көшіп барды
Солтүстік Қазақстан облысына жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы бойынша мың адам көшіп келді.
Оларға мемлекет тарапынан 250 мың теңгеден субсидия төленеді. Сонымен қатар үй алуға немесе салуға қаражат бөлінеді. «Оны бастапқы жарна ретінде де қолдануға болады», - дейді мамандар.
Нұрболат Лесбек солтүстікке 2021-інші жылы Түркістан облысының Төле би ауданынан көшіп келді. Көпбалалы отбасыға бірден жаңа үй мен жәрдемақы берілді. Әйелі мұғалім болып жұмыс істейді. Ал өзі көліктерге қызмет көрсету орталығын ашып, кәсіппен айналысады.
Нұрболат Лесбек, кәсіпкер:
- Солтүстік ұнайды. Ауа райымен, салқын. Әркім өзі әрекеттенсе болады ғой. Біреуге қарамау керек қой, Үкіметке, Ниет қылып келдің ба, істеу керек. «Алма піс, аузума түс», - деп отыра бермей.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 3 мыңға жуық адам көшіп келеді деп жоспарланған. Қазір оларға бұрынғыдай үй салынбайды. Бастапқыда баспана жалдау ақысы төленеді. Ал сатып аламын десе, 4 млн 282 мың теңге көлеміндегі сертфикат беріледі.
Назерке Тасқұлова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
- Сонымен қатар көшіп келетін отбасыларға «Экономикалық ұтқырлық сертификат» ұсынылады. Яғни биылғы жылы ол мүмкіндікпен 162 отбасы қолданды. Үйді сатып алуға немесе үй құрылысына немесе бастапқы жарна ретінде сол сертификатты қолдана алады.
Солтүстікке көшіп келемін деген адамдарға «Қоныс картасы» ұсынылады. Оған 191 елді мекен мен Петропавл қаласы енгізілген. Әр адам тұратын жерін өзі таңдайды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов