Dove Travel: Қазақстан - саяхаттауға тұрарлық ел
Алдағы уақытта елімізге келетін туристер нөпірі еселене түсуі мүмкін.
Сарапшылар осындай болжам жасады. Оған түрткі болған - Dove trаvеl журналының Қазақстан жайлы мақаласы. Әлемге әйгілі басылым тұмса табиғатымызды суреттеп қана қоймай, бай тарихымыз бен мәдениетімізге кеңінен тоқталған. Тіпті біздің елді саяхаттауға тұрарлық 10 мемлекеттің бірі деп баға беріпті.
Шарын шатқалы... Бурабай... Көктөбе... Еліміздегі көз тартар көрікті жерлер өте көп. Табиғаты тұмса, тарихы тағылымды орындар жергілікті жұрт үшін ғана емес, шалғайдағы шетелдіктерге де қызық. Бұған дәлел: Жуырда әлемге әйгілі Dove trаvеl басылымы Қазақ жері жайлы кең құлаш мақала жариялады. Онда халқымыздың бай-мұрасы мен салт-дәстүрі баяндалып қана қоймай, Қазақстанды жер жаһанда тамашалауға тұрарлық 10 елдің біріне балапты.
Әлішер Тұрсын,"Kazakh Tourism" ҰҚ ресми өкілі:
- Қазақстанның туристік нарығы үшін еуропалық туристердің алатын орны ерекше. Баспа маркетингі арқылы саяхаттау кең таралған. Сондықтан Dove trаvеl журналында Қазақстан туралы мақаланың жарық көруі, Қазақстанға өмірінде бір рет болсын баруға міндетті 10 елдің қатарына кіруі - үлкен оқиға.
Еуропалықтарды төбесі көк тіреген зәулім ғимараттармен таңғалдыру қиын. Есесіне жергілікті жердің байырғы тіршілігін білгісі келетіндер жетіп артылады. Қазақстанды туристерге тартымды еткені, алдымен, көшпенді тұрмысымыз, - дейді мамандар. Себебі шетелдіктер қазақтың ат жалын тартып мінген бозбаласының қыран баптап, аң аулағанына, саятшының салт өміріне қашанда тәнті болған.
Әлішер Тұрсын, "Kazakh Tourism" ҰҚ ресми өкілі:
- Еуропалық туристердің танымдық бағытта, тарихи бағытта қызығушылығы аса жоғары болғаннан кейін, қазіргі күні дүниежүзілік көшпенділер ойынының да тұспа-тұс келуі бар, барлығы олардың қызығушылығын арттырып отыр. Шетелдік туристердің көбі Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Маңғыстау мен Атырау облыстарында болғанды жөн көреді.
Рас, шетелдіктер үшін Қазақстанның тылсым табиғаты - алтын көмбенің өзі болып тұр. Топырағын түртіп қалсаң, тарихы сөйлей жөнелетін киелі жерлерден кенде емеспіз. Десе де оны қастерлеуді алдымен өзіміз үйренсек игі, дейді мамандар.
Назерке Тоқжан