Сәтбаев қаласын жылумен қамтуға ₸2 млрд бөлінеді

Сәтбаев қаласындағы жылумен қамтушы кәсіпорындарды жаңғыртуға 2 миллиардқа жуық теңге жұмсау көзделген, деп хабарлайды 24kz.

Қаражат жергілікті бюджетпен қатар жылумен қамту мекемелерінен де бөлініп отыр. «Әзірге қалада әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы төмен», - дейді мамандар.

Өткен жылыту маусымы Сәтбаев қаласы үшін оңай болған жоқ. Жылу желілерінен ақаулар көп шығып жатты. Қазір жылумен қамту нысанында екі қазандық күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Түтін мұржасы мен төрт газ құбыры да жөнделеді. Жылу станциясының өкілі Әшім Исановтың айтуынша, шығатын газдарды бақылаудың автоматты жүйесі іске қосылады.

Әшім Исанов, компанияның техникалық директоры:

- Жөндеу жұмыстарынан кейін Сәтбаев қаласы үздіксіз жылумен қамтылады. Қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтардың көлемі азайып, апатты жағдайлардың алдын алуға сеп болады. Негізгі буын мұнда 15 жылдай еңбек етеді. Әрқайсысы қала алдындағы жауапкершілікті жақсы біледі.

Алдағы жылу маусымына қалалық коммуникацияны да дайындау керек. Биыл шамамен 50 шақырым жылу желісі жаңарады. Бұл мақсатқа 1 миллиард 860 миллион теңге бөлінген. Жұмыс барысын кәсіпорын директоры Ержан Тоқымбаев бақылауға алған.

Ержан Тоқымбаев, Сәтбаев қаласын жылумен қамту мекемесінің директоры:

- Қазіргі таңда біздің мекеме тарапынан алты бригада жұмыс істеп жатыр және биылғы жылы бюджеттен де үлкен қаражат бөлінді, миллиард қаражат бөлінді бұл ТКШ есебінен. Сондықтан қазіргі таңда ТКШ саласынан төрт мердігер компания анықталып, өздерінің жұмыстарын жалғастырып жатыр. Өз тарапымыздан биылғы жылы, яғни, 427 миллион бұл өзіміздің инвестбағдарлама бойынша және мекеменің бюджетінен 350 миллион ақша бөлінді.

Қазір қаладағы алты жүзден астам көпқабатты үйдің 63-і жылу маусымына дайын. Ал әлеуметтік нысандардың дайындығы төмен екен. Қала әкімінің орынбасары Алмат Саухимов барлық жұмысты 15 қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отырғанын жеткізді.

Алмат Саухимов, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары:

-Қазіргі таңда барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр. Әр жеті сайын әкімнің қатысуымен осы жылыту маусымының штабтары өткізіліп жатыр. Биылғы жылы, биылғы жылыту маусымы 2024-2025 жыл былтырғы жылмен салыстырғанда жылы болады деген сенімдеміз. Енді қала бойынша 223 шақырым жылыту желілері болса, соның 51 шақырымға дейінгісін ауыстыру жоспарланып отыр

Өңірде жылу энергиясынан тапшылық бар. Бұл мәселе жылу орталығын салу арқылы шешімін таппақ. Жаңа құрылыстың мүмкіндіктері Үкімет деңгейінде қарастырылып жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Елизавета Шалина, Нұрбол Үздікбаев