Алматыда «Пластикалық бөтелкелерді кәдеге жаратайық» жобасы басталды

Алматыда табиғат жанашырлары тағы бір экологиялық жобаны қолға алды, деп хабарлайды 24kz.

Олар көпшілікті пластикалық бөтелкелерді кәдеге жаратуға шақырып отыр. Осыған орай экохабта ашық есік күні өтті. Туристік агенттіктер, қоғамдық ұйым өкілдері мен қала тұрғындары қоршаған ортаға зиян келтірмеу мәселесін бірге талқылады.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Алматылық Елена Сминрнова – экобелсенді. Жеке кәсібі бар. Үйінде де, кеңседе де қоқыс қалдықтарын сұрыптап салады. Қасындағылардан да соны талап етеді. Бір реттік қолданылатын пластикалық ыдыс-аяқты алмауға тырысады. Ал, пластикалық бөтелке мен керексіз қағаздарды арнайы орындарға апарып өткізеді. Бұл жолы да ашық есік күніне арнайы келді.

Елена Смирнова, экобелсенді:

- Менің отбасым қоқыс сұрыптауға әбден үйреніп алған. Соңғы 10 жылдан бері солай. Жұмыс орнымда да осы әдетті қалыптастырдым. Қызметкерлер бірден қолдап кетті. Бірге макулатура, бөтелке, өңдеуге жарамды заттар жинаймыз. Осы ашық есік күнін естіп, осында жақында сұрыптап жинап қойған қағаз бен пластик заттарды алып келдік.

Экохабтың ашылғанына екі ай ғана болды. Осы уақыт ішінде бірқатар игі бастамаларға мұрындық болды. Оның бірі – пластикалық ыдыстарды кәдеге жарату. Қазір кофе сататын бір дүкендер желісімен келісімшартқа отырып жатыр. Мәселен, ол жерден өзінің ыдысына кофе құйғызып алған адамға бір экокойн беріледі. Соны сатып алушы осы экохабқа әкеліп, өзінің қалаған затына жеңілдік алады.

Евгений Мұхамеджанов, Eco Network жобасының негізін салушы:

- Түсінікті тілмен мұны қаланың валютасы деп айтса да болады. Бір экокойн 100 теңге тұрады. Бұл жерде оны әкелгендерге жеңілдік беру емес. Қайта адамдарды қоршаған ортаны қорғау мәдениетіне баулысақ дейміз. Өзіне де, табиғатқа да зиян келтірмейтін бұйымдарды тұтынса жақсы емес пе?! Бізде отандық кәсіпорындар шығарған тамақ қалдықтарынан жасалған тыңайтқыш пен тұрмыстық жуғыш сұйықтық сияқты бірнеше эко, биоөнім түрі бар.

Экохаб өз өнімдерін де шығара бастады. Мұнда бөтелке қақпағынан орындық, түрлі кәдесыйлар жасалады. Оған экобелсенділер де атсалысуда. Олар да шыны бөтелкелер мен керексіз қағаздарды пайдаға жаратқан. Бұл іске енді кәсіпкерлер де ынта білдіріп отыр.

Еркін Тікенов, туристік компанияның директоры:

- Біздің бірлесіп жасаған жобамыз бар. Мәселен, ұлттық парктің шығаберісінде сұрыптау пункті орнатылғаны дұрыс. Қоқыс қалдықтарын өзімен бірге алып шыққан демалушыларға шағын кәдесыйлар беру ойда бар. Бұған туристер мен жастар қуана кірісер еді. Әрине, оны жүзеге асыру үшін бізге жергілікті әкімдіктің көмегі керек.

Экобелсенділер мен бизнес иелері енді сенбілік өткізумен ғана шектелгісі жоқ. Кәсіпкерлер бизнестің қоршаған ортаға табиғатқа залал келтірмеу жағын ойластырып жатыр. Әзірге экохаб пен комьюнити орталықтар қайта өңдеуге жарамды бұйымдарды тегін қабылдайды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев