Энергетика министрлігі саланы жасанды интеллект көмегімен реттемек

Энергетика министрлігі салалық деректі жинау мен өңдеуді жасанды интеллекттің көмегімен жүзеге асырмақ, деп хабарлайды 24kz.

Биыл арнайы отын-энергетика кешенінің ситуациялық-талдау орталығы құрылады. Бұл туралы энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған мемлекеттік органға жаңа міндеттер жүктелуі себеп. Атап айтсақ, енді министрлік қолдағы ресурстарды толық есепке алу, яғни, оны өндіру, тарату мен бөлуден бастап тұтынушыға дейін жеткізуін қадағалау керек. Осылайша, саладағы энергия, жылу мен мұнай балансын автоматтандырылмақ.

Бақытжан Ілияс, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Биыл біз энергоресурстарды бөлу, мұнай жеткізу жоспары, жанар-жағармай және сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары бойынша цифрлық сервистерді дайындап жатырмыз. Бұрын бұл процестер субъектілер мен біздің департаменттердің өзара әрекеттесуі арқылы қолдан жүргізілді. Жыл соңына дейін бірнеше қызмет түрін іске қосуды жоспарлап отырмыз.