Ақтауда 22 сарбаз жоғары оқу орнын тегін оқуға мүмкіндік алды

Ақтауда 22 әскери қызметші жоғары оқу орнын тегін оқуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды 24kz.

Жас сарбаздар мен матростар әскерге биыл көктемде шақыртылған. Енді олар Алматы, Щучинск және Ақтөбедегі әуе әскери институтта 4 жыл бойы білім алады. Оқу бітірген түлектерге лейтенант атағы беріледі. Бұдан соң келісімшарт бойынша әскери салада 10 жыл қызмет атқаруы тиіс.

Қатардағы жауынгер Диасқали Бекқалиев сапар алды дайындық үстінде. Мерзімді әскери қызметші Ақтаудағы жауынгерлік теңіз базаға наурызда келген. 20 жастағы сарбаз десанттық-шабуылдау батальонында қызмет етеді. Жетісу өңірінің тумасы жастайынан Каспийді көруді армандапты. Енді әскери теңіз салада жоғары білім алып, кәсіби маман боларына сенімді.

Диасқали Бекқалиев, әскери қызметші:

- Маған және қасымдағы жолдастарыма үлкен мүмкіндік туып тұр, Ақтөбе қаласындағы әскери институтқа түсуге. Мен оған өте қуаныштымын. Осы төрт жылдық оқуды бітіргеннен кейін нағыз теңізші әрі әскери командир болуды жоспарлаймын.

Ал Сабыржан Мұсағұловтың мұраты – майдан авиациясында қызмет ету. Мектеп бітірген жылы сол салаға құжат тапсырудың сәті түспегенін айтады. Қазір ол жас матрос. Ақтөбедегі әуе қорғаныс күштері институтында тегін оқуға болатынын естіген бойда бағын сынап көруді ұйғарған.

Сабыржан Мұсағұлов. матрос:

- Күніміз әскери қызмет база алаңында сапқа тұрудан басталады. Сол кезде аспанды кесіп өтетін ұшақтарға қызыға қарайтынмын. Арманым әскери ұшқыш болу. Мұратыма жетуіме бар күш-жігерімді саламын.

Талапкерлер туралы дерекпен «Әскери міндеттілер 2.0» атты цифрлық платформадан танысуға болады. Ережеге сәйкес әскери бөлім басшылығы жауынгерлік дайындық журналын жүргізеді. Онда әр үміткердің нормативтерді орындау нәтижелері, психологиялық мінез-құлқы жайлы мәлімет, тіпті ай сайын қойылатын сабақ үлгерімі де көрсетілген.

Бауыржан Мұратұлы, ҚР ҚК ӘТК Әскери-теңіз база командирі:

- Мерзімді әскери қызметте жүрген 22 матрос пен сарбазды жоғары оқу орындарына жібергелі жатырмыз. Соның 18-і Ақтөбе, екеуі Алматыдағы әскери институтқа барады. Қалғаны Щучинск қаласындағы кадет колледжінде білім алады. Оқуды бітірген соң жас офицер ретінде Ақтау гарнизонында абыройлы қызмет атқарады деп сенеміз.

Әскери саладағы мемлекеттік бағдарлама былтыр енгізілді. 2023 жылы Маңғыстауда әскери қызметте жүрген 13 сарбаз іріктеу кезеңінен өтіп, білім грантын иеленді. Ал одан сүрінгендер әскери қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына ақылы негізде түсе алады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев