Ақтөбе облысында тасқын кезінде бұзылған 47 шақырым жол жөнделеді
Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде бұзылған 47 шақырым жолды жөндеуге 16 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ.
Қаражат республикалық және облыс бюджетінен қарастырылып отыр. Жөндеу жұмысының басым бөлігін биыл аяқтау көзделген. Ал Ойыл ауылының маңындағы көпірді қалпына келтіру ұзаққа созылуы мүмкін.
Алтықарасу ауылына кіреберіс жолды көктемде қырдан келген су бұзып өткен. Жол астындағы құбыр суға шыдас бере алмай қираған. «Әрі бұл жол осымен екінші рет тасқынға ұшырап отыр», – дейді ауыл халқы. Ал бұдан басқа ауылға апарар бағыт жоқ.
Қайыржан Мырзағалиев, Алтықарасу ауылының тұрғыны:
- Былтыр су шайып, апаттық жағдайда қалдырып еді, биылғы су да оның үстіне қосаметкей болды. Енді осы көпірді ертерек жақсы, сапалы жөндеп берсе, біздің үмітіміз, тілегіміз – сол.
Қарғын су көрші Құмқұдық ауылына қатынайтын жолды да шайып кетті. Қиыршықтастары балшыққа сіңіп, көлік қатынасы мүлдем қиындаған. Қазір қайта қалпына келтіріліп, асфальт төселген.
Мейрамхан Үмбетов, Қайыңды ауылдық округі әкімдігінің маманы:
- Жолдың құрылысы мамыр айында басталды. 2 айға жуық уақытында құрылыстың 95% бітіп тұр. Жол белгілерін қою жұмыстары қалып отыр.
Қазір облыс аумағында өңірлік маңыздағы 3, ал аудандық маңыздағы 10-нан астам жол қалпына келтіріліп жатыр. Бұған қоса 20 көпір және 100 су өткізу құбыры жөнделеді. «Әсіресе Ойыл ауылы маңындағы көпір басты назарда болады», – дейді жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасындағылар.
Есет Аманбаев, жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасы басшысының орынбасары:
- Жолдардың жөндеу жұмыстарын жылдың соңына шейін аяқтау жоспарланып отыр. Тек бізде қазіргі таңда Ойыл ауылына кіреберіс көпір үлкен ауқымды жұмыстарды талап етіледі. Қазіргі таңда мердігер мекемемен жұмыс жасалынып жатыр. Келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарлап отырмыз. Дегенмен жылдың соңына шейін сол көпірдің үстімен өтетін уақытша өткел ұйымдастырамыз.
Мамандардың айтуынша, үйлері суға кеткен ауыл ішілік жолдар да ретке келтіріледі. Жұмыстарды шамамен қазан айына дейін аяқтау жоспарланған.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.