Қазақстанда тыйым салынған вейп өнімдерін сатудың 60 дерегі тіркелді

Елде вейпты сатуға және таратуға заңды түрде тыйым салынса да, үйреншікті әрекетін жалғастырып жүргендер көп. Бір айда осындай 60 жағдай тіркелген, деп хабарлайды 24KZ.

Мұны Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Жаңа заңның осы талаптарын бұзғандар 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге міндетті. Бұл шамамен 750 мың теңге. Тіпті 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке шейін қамауға алу көзделеді.

Тиісті заң күшіне енгелі бір айдан асса да, вейпті емін-еркін сатып отырғандар бар. Мысалы, Түркістанда осындай 2 дүкен анықталды. Жергілікті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жүргізген рейд нәтижесінде тыйым салынған өнімнің 327 данасы тәркіленген.

Азамат Құрымбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:

- Интернет ресурстары арқылы ондай да сату орын алып жатыр. Полиция қызметкерлері анықтап жатыр. Қай жерде, кім сатып жатыр, қалай сатып жатыр деген сияқты. Соның бәрін анықтап, тергеу амалдары аясында адамдарды жауапкершілікке тартып жатыр.

Иә, елімізде шегуге болмайтын темекі өнімдеріне, электрондық тұтыну жүйелеріне және оларды хош иістендіретін сұйықтықтарды сатуға не таратуға тыйым салынды. Алайда заңсыз айналымдар әлі де тіркеліп жатыр. 60 шақты жағдай әшкере болды. Заңбұзушылықтың дені Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облысында анықталған. Кінәсі дәлелденгендерге қылмыстық жаза қолданылады.

Әнуарбек Сқақов, заңгер:

- Бірінші бөлімде сату және таратуға қатысты. Ал екіншісі біздің елге әкелу не өндіруге қатысты. Бұл жерде айыппұл 2000 АЕК-ке дейін барады. Тіпті мүлкін тәркілеп, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруы да мүмкін. Үшінші бапта осының бәрін ұйымдасқан топ жүзеге асырса, яғни ірі көлемде әрі бірнеше мәрте ұйымдастырылса, 5 жылға дейін қамауға алынады

Заң мен тәртіп баршаға ортақ. Сол себепті полиция қызметкерлері вейп өнімдерін сату не таратудың куәсі болған азаматтарға 102 нөміріне хабарласуды сұрайды. Ал заңгерлер жаңа нормаларды түсіндіруді жетілдіру керектігін алға тартады.

Әнуарбек Сқақов, заңгер:

- Мемлекет тарапынан заңды түсіндіру жағы толыққанды қолға алынбаған. Қазір сатылымға тыйым салынғанымен, оны бұрынғы әдетінше түрлі жолдар арқылы сатып алып тұтынатындар көп. Мұнда тұрған еш нәрсе жоқ деп ойлар. Алайда заңмен тыйылған өнімдерді сатып алу арқылы сіз қылмысқа жол бересіз. Өйткені сізге осы өнімді сатқан адамды қамауға алуы мүмкін. 

Зиянды әсерін ескере отырып, вейп өнімдеріне тыйым салынған елдер қатары артып жатыр. Еліктірер иісі мен көзтартар түсі бар шағын құтылардан бірден бас тарту қиын. Десе де Ұлыбритания, Еуропа, Австралия, Жаңа Зеландия, т.б. мемлекеттерде жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасалып жатыр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Наурызбай Құрманғазы.