Ақтөбеде судан зардап шеккен 170 отбасыға пәтер берілді

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен 170 отбасы пәтер алды.

Баспанасыз қалған тұрғындардың дені бұған дейін саяжайларды паналап келген. 

Индира Әбуова 17 жыл бойы Елек өзені маңайындағы саяжайда тұрып келген.

Көктемде оның үйін су басып қалды. Ол жер кепкенде баспанасын қайтадан жөндеп алмақшы болған. Бірақ... 

Индира Әбуова, қала тұрғыны:

- Ремонт істейміз деп цемент алдық. Онымен іске аспайды. Жабыспайды. Анадай болып құлап жатыр. Содан қайтадан әкімге бардым. Көп болған жоқ. 20 күннен кейін әкімнен хабар келді. Сізге екі бөлмелі үй деді. Жағдайыма қарап, балдарымның кеңесімен «Жилгородоктан» екі бөлмелі үй алдым.

Арнайы комиссияның техникалық сараптамасы саманнан салынған үйдің баспана болудан қалғанын анықтады. Қабырғаларына сызат түсіп, қирау алдында тұр. Сондықтан қайырымдылық қоры есебінен оған екі бөлмелі пәтер сатып алынды.

Индира Әбуова, қала тұрғыны:

- Өзім таңдап алдым. Өзімнің үйренген жағым Жилгородок. Өзіме ұнады. Қазір жағдайым бөтен емес. Үйім көңілімнен шықты.

Су тасқынынан кейін Ақтөбеде 200 үй апатты деп танылды. Қазір 170 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлады. Дені «Алтын орда» және «Есет батыр» тұрғын алабын таңдаған.

Асланбек Шүйіншалиев, Алматы ауданының әкімі:

- Қазір енді үйі авариялық болып табылған кезекте бір 30 азамат тұр. Олардың енді басым көпшілігі өздерінің құжаттары дұрыс емес. Сол кейбір құжаттарын дұрыстап жатыр. Содан кейін тиісті рәсімдеп, пәтер кілттерін табыстау бойынша жұмыстар іске асатын болады.

Жалпы облыс бойынша көктемде 4087 үйді су басты. Оның мыңнан астамы апатты деп бекітілді. Қазір қираған баспаналардың орнына жаңадан 505 жер үй салынып жатса, 515 отбасы дайын пәтер сатып алуды жөн көрген.

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов