Қызылордада тұрғын үйлердің ауласын қоқыс басып барады
Қызылордада көп қабатты үйлердің ауласын қоқыс басып барады.
Себебі сыпыртқы ұстап, таңсәрімен аулаларды мұнтаздай ететін жұмысшылар азайып кетті. Тұрғындар өз күшімен айналасын жинауға тырысқанымен, кәнігі тазалықшыдай қайдан болсын?
Ақмешіт шағын ауданының тұрғындары тазалық жұмыстарымен өз бетінше айналысып жүр. Себебі көше сыпырушылар бірнеше аптадан бері ат ізін салмай кеткен. Аулаларды жапырақ басып, қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан шығып тұр.
Светлана Цой, қала тұрғыны:
- Кеше шықтық далаға бей-берекет бәрі. Жинайтын ешкім жоқ. Бір орыс әйел бар еді. Соны шығарып тастапты ғой жұмыстан. Қазір жұмыссыз шығар. Ешкім жинамайды енді, бардак.
Нұржамал Шәкімова, қала тұрғыны:
- Кішкентай балалар ойнайды бұл жерде. Үлкен кісілер шығып отырады. Ауланың тазалығы жоқ. Қоқыс жәшігіне келемін дегенше мен жол бойы ұшып жатқан пакеттерді, баклажкаларды жинап апарып тастаймын. Тұрғындардың бәрі кіре-беріс алдын өздері жинауға мәжбүр болып тұр.
Күлтай Жұмабаева, қала тұрғыны:
- Қоқыс жәшігі бізге өте жақын. Шеткі жақта тұрамыз. Жел болса күл-қоқыстың бәрі ұшып келеді есіктің алдына. Өзіміз төлеп, тазалап қоямыз. Қолымыз босағанда сыпырамыз, су себеміз. Бірақ жел болған сайын ұшады. Сосын өртеп кетеді. Шырпы тастап кетеді ма? Білмейміз кім екенін. Темекі шегетіндер шығар. Күн ыстық болғасын балконды ашпай тұра алмаймыз. Ас бөлмесінің терезесін ашамыз. Түтіннің бәрі үйімізге кіреді.
Қалалық әкімдіктегілер 90 мың теңге жалақымен аула тазалықшысы қызметіне көбісі бара бермейді дейді. Пәтер иелері кооперативтері оларды жұмысқа қабылдауға әзір. Бірақ тілек білдірушілер аз. Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай мәселені реттеу үшін жұмыспен қамту орталығы арқылы көше сыпырушыларды жалдау тетігі енгізілгенін жеткізді.
Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:
- Аула тазалайтын дворник жұмысқа 400 адам алып, жұмыс жасатайын деп жатырмыз. Жұмыссыздық арқылы қаржысын тауып, қосымша тазалық мекемесі арқылы үстемақы төлей отырып, сол кісілерді әр аулаға жауапты етіп, КСК жұмысын жүргізу үшін, өздерінің де жауапкершілігін арттыру үшін жұмысшылар алып жатырмыз.
Тазалықшылардың еңбекақысы 160-180 мың теңгеге дейін көтерілмек. Бірақ экологиялық акциялар аясында гүлзар мен саябақтардан бөлек, аулалар да абаттандырылса дейді тұрғындар. Қызылордалықтар осындай тілек-ұсыныстарын «TazaQazBot» арқылы да жолдап жатыр.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев